Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қала басшысы емхананың ашылуына қатысты

Бүгін, 9 маусымда «Денсаулық сақтаудың 350 объектісі» жобасы шеңберінде құрылған Екібастұз қаласындағы № 2 емхананың салтанатты ашылуы өтті.  Ашылу рәсіміне Екібастұз қаласының әкімі Александр Вербняк, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов және де шақырылған тұлғалар қатысты.

Қала басшысы А. Вербняк жиналғандарды қарсы ала отырып, оқиғаның маңыздылығын атап айтты: «Күніне 500 екібастұздық, яғни 350 ересек адам мен 150 бала сапалы медициналық көмек алатын болады. Бұл: алғашқы медико–санитарлық көмек көрсету, әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтау мақсатында скринингтік зерттеулер жүргізу, сәулелік, зертханалық жалпы клиникалық, функционалдық диагностикалар және эндоскопия бойынша диагностикалық қызметтер көрсету».

Жаңа кешен қалада, тіпті облыста жоқ жоғары технологиялық заманауи құралдармен жабдықталған (№ 2 емхана мамандарының сөздеріне қарағанда).

Дәрігерлер мен емделушілерге жақсы жағдайлар жасалған. Жасы үлкен адамдар үшін жеке тіркеу ұйымдастырылған. Дәрігер–геронтологтар егде жас санатындағы адамдарға қатты және созылмалы аурулар кезінде профилактикалық және амбулаторлық көмек көрсетіп, кеңестер өткізетін болады. Бірінші қабатта мүгедектерге арналған жеке бөлмелер және отбасы денсаулығы орталығы ашылған, онда жалпы тәжірибе дәрігерлері, педиатрлар мен терапевттер қабылдау жүргізетін болады. Сондай–ақ, 40 орынға арналған күндізгі стационар қарастырылған.

Емханада 67 дәрігер жұмыс істейтін болады, олардың 18–і жас мамандар.

Ауданы 12 мың шаршы метрге жуық болатын емхананы көтеруге республикалық бюджеттен 1 млрд. 670 миллион теңге бөлінген.

Қызметтің кең жиынтығы барша қалалықтарға ұсынылатын болады.