Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Байет ауылының тарихы

Байет ауылы 1971 жылы құрылған. 1972 жылға дейін Байет ауылдық округінің аумағында «Ертіс-Көмір» кеніш құрылысы жұмысшыларын азық-түлікпен қамтамасыз ететін қосалқы шаруашылық болды. Шаруашылықты Қасымбеков Самат Сакенұлы басқарған. Қосалқы  шаруашылықта  30 жанұя тұрды. Олар қара мал, шошқа өсірумен айналысты. Сол жылы осы қосалқы шаруашылық негізінде аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі құрылды. Аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің бірінші директоры болып Байгеншеков Серік Жантемірұлы тағайындалды. Бас бухгалтер Саратов Боскет, бас инженері Мақатов Шоқан, бас зоотехнигі Сакенов Темірболат, машина трактор жөндеу шеберханасының меңгерушісі Павлов В.В, жабдықтау инженері Абдыкиясов А.К. болды. Байгеншеков С.Ж. директор болған уақытта Байет ауылында 8 жылдық мектеп ашылып, директоры Адамов Х.А қызмет істеді. Кейіннен мектеп директоры болып Зиада Ахметов тағайындалды. 1980 жылға дейін адам саны аздығынан Екібастұз аудандық кеңесіне қарады. 1980 жылы Павлодар облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша Байет ауылдық кеңесі құрылды. Бірінші ауылдық кеңесінің төрағасы болып Молдахметов Секен Молдахметұлы тағайындалды. Ол кездері Байет ауылында жақсы үлгідегі кеңсе, мәдениет үйі, былай тұрсын жібі түзу тұрғын үйде болмаған. Ауыл оншақты барақ үйлерден тұратын. Шаруашылық та шағын еді. Қала мен ауыл арасының қатынасы да қиын болатын. Ауыл арнаның солтүстік жағалауында, оған Екібастұз қаласынан арнаның оңтүстік шығысындағы ауылдардан және шаруашылықтардан қалаға Ертіс-Қарағанды каналының үстінен өтетін өз көпірі болмағандықтан ауыл тұрғындары №6 насос станциясындағы көпір арқылы қатынаған. Ауылымыздың құрылуына ерекше үлес қосқан ауыл тұрғыны Қайролла Лоқашұлы. Елді мекендегі құрылыстарды дамыту да қомақты үлес қосты.

Байет ауылының өсіп өркендеуіне ерекше үлес қосқан Еламан Жакенұлы Жакенов. 1980 жылдан  мамандандырылған шаруашылық бірлестігі директоры болып тағайындалды. Сол кезде ауылда заманауи орта мектеп, кеңсе, мәдениет үйін көптеген тұрғын үй салынды. Ертіс-Қарағанды су аранасының үстінен көпір салынды. Е.Жакенов жаңашыл басшы болды. Ол өндірісті озық технологиямен озық тәжірибені ауданда бірінші болып енгізетін. Ауданда бірінші болып мал азығын өндіретін цех салды. Шаруашылық арнайы мал бордақылаумен айналысты. 1993 жылы жекешелендіру бастаған кезде әрбір бригада әр фермерлік шаруашылық өз қолындағы малға, техникаға ие болды.    

1992 жылы Байет ауылына Монғолия Республикасынан  40 отбасы  көшіп келді. Байет ауылдық округі бойынша жалпы жер көлемі 16548 га. Қазіргі күні ауылда жалпы білім беретін орта мектеп, ауылдық клуб, кітапхана, медициналық пункт, 2 азық-түлік дүкендері халыққа қызмет етеді.

Байет ауылы Ғарышкер Тоқтар көшесі

 Байет ауылының кіре беріс стелласы

Байет ауылы әкімшілігі

Байет ауылдық клубы

Байет ауылдық медициналық пункті

Байет ауылының мешіті

 «Әлемнұр» сауда үйі

Байет жалпы білім беретін орта мектебі