Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Тараздағы мамандандырылған ХҚКО-да тіркелген автокөлік құралының саны 10 000-нан асты

Тараз қаласында өткен жылдың соңында пилоттық режимде  жұмыс істей  бастаған халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған орталығында бүгінгі күнге дейін 10 243 автокөлік құралы тіркеліп, 8 мың автокөлік есептен шығарылды, 3,5 мың жүргізуші куәлігі берілді.

Мемлекет басшысының автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін беру қызметін  ХҚКО қарамағына беру туралы тапсырмасын орындау аясында ашылған халыққа қызмет көрсетудің  мамандандырылған  орталығында Тараз қаласының тұрғындары көлік жүргізу құқығына емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады, сондай-ақ автокөлікті тіркеу және қайта тіркеуді жүзеге асырады.

Бизнес-үдерістерді автоматтандырудың, мемлекеттік органдардың  дерекқорлары мен ақпараттық жүйелерін ықпалдастырудың арқасында тұрғындар 2 сағаттың ішінде жүргізуші куәлігін алу, автокөлікті тіркеу мүмкіндігіне ие болды.

 Аталған қызметтерді алу үшін клиентке барлық жағдай жасалған. Мысалы, орталықта  жол жүру қағидалары бойынша теориялық емтихан тапсыруға арналған сынып бар болса, практикалық емтиханды зияткерлік автодромда тапсыруға болады. Бақылаудың және автокөлікті басқару дағдыларын бағалаудың электрондық жүйесі емтиханнан өтудің барлық кезеңдерін бекітіп, оның қорытындысы автоматты түрде анықталады.

Автокөлік құралын тіркеу/қайта тіркеу кезінде агрегаттарды салыстыру мамандандырылған орталықтың аумағында жеңіл автокөліктер үшін арнайы қарастырылған ангарда өтеді.

Бұдан басқа, орталықтың күту залында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы қарастырылған, бұл жерде  тілек білдіруші «электрондық үкімет»  порталы арқылы  өзге де қызметтерді алып, қажет болған жағдайда мамандардың кеңесіне жүгіне алады.

Орталық қызметкерлері рәсімдеуге қажетті құжаттарды қабылдап, дайын құжатты береді. Ал, көлік құралдарын тіркеу куәліктері мен жүргізуші куәліктерін әзірлеумен жол полициясының қызметкерлері айналысады.

Анықтама:

Мамандандырылған ХҚКО Тараз қ., Төле би көш., 198 А мекенжайы бойынша орналасқан.

Жалпы аумағы - 793 шаршы метр.

Бүгінгі күні осындай мамандандырылған ХҚКО Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтау қалаларында жұмыс жасауда.

Алматы қаласында мамандандырылған ХҚКО ашылған сәттен бастап 51 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілді, 274 мың автомобиль тіркелді және қайта тіркелді.

Қарағанды қаласында 8 мыңнан астам жүргізуші куәлігі берілді, шамамен 56 мың автокөлік құралы тіркелді және қайта тіркелді.

Ақтау қаласының мамандандырылған ХҚКО-сында 9 мың адам жүргізуші куәлігін алды, 55 мың автомобиль тіркелді және есептен шығарылды.

Астана қаласының мамандандырылған ХҚКО-сында 68 мыңнан астам автомобиль қайта тіркелді және 7 мыңнан астам  жүргізуші куәлігі берілді.