Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Жыл сынып жетекшісі

Қазіргі уақытта тәрбие – білім беру қызметіндегі күрделі саланың бірі.  

Әрине, әрбір ұстаз тәрбие ісін атқаруда. Бірақ, білім алушының тұлғалық қалыптасуы мен оның шығармашылық қабілетінің дамуы барысында сынып жетекшісінің атқаратын рөлі сөзсіз орасан зор. Балалар – әрқилы және әр бала ересек адамдардың оны ғана түсініп, қабылдап, қорғап, қолдау көрсеткенін қалайды. Сынып жетекшісі – олардың досы, қорғаушысы, қиындық туындаған сәтте әрқашан да қолдау көрсететін жанашыр адамы. 

Сынып жетекшісі сынып ұжымының мақсатты тәрбие жұмысына жауап береді, оқушылардың тұлғалық дамуын ұйымдастырады, үлгі болып, ынталандырады. Ол әлеумет пен баланың арасында делдал бола отырып, сынып ұжымының түрлі істері арқылы қарым-қатынас жасау жүйесін ұйымдастырады, әр тұлғаның дамуына, оның әлеуеттік қабілетін шыңдауға және балалық шақ мүдделерін қорғауға қолайлы жағдай тудырады. 

Тәрбие ісін жетілдіру, сынып жетекшісінің шығармашылық әлеуетін дамыту және шығармашылық деңгейін арттыру мақсатында биылғы оқу жылы «сынып жетекшісінің жылы» деп аталды. Осыған орай «ХХІ ғасырдың сынып жетекшісі» жобасы жасалып, «Жүрегімді балаларға беремін» кәсіби шеберлік сайысы сәуір айының 4 күні «Қайнар» ББК әдістемелік бөлімінің ұйымдастырылуымен өткізілді.

Бұл сайыс бірнеше кезеңдерден тұрды: бірінші кезеңде қала және ауыл мектептерінен 42 сынып жетекшісі өздерінің портфолиоларын жасаса, екінші кезеңде он екі сынып жетекшісі сыныптан тыс ашық іс-шара өткізді. Финалға алты сайыскер қатысты. Сайыстың бірінші кезеңінде сайыскерлер сынып ұжымдарының көмегімен өздерін таныстырса, екінші жәңе үшінші кезеңдерде бейне роликтер мен тапсырмалардың көмегімен ситуациялық жағдайлардан қалай шығатындарын әңгімелеп, соңғы кезеңде өздерінің өнерлерін барша жұртқа паш етіп, оқушыларының алдында өздерін басқа қырынан көрсете білді.

Сайыстың қорытындысы төмендегідей:  «Балаларға деген сенімділік пен белсенділік» аталымы – А. Ташимова (№ 12 ЖОМ), «Ең шығармашыл» - А. Айсабекова (№ 22 МГ), «Шешендік өнер» - М. Муканова (№ 13 ЖОМ), ІІІ жүлделі орын – А. Аримбекова (№ 25 ҚҚГ), ІІ жүлделі орын – Ж. Алибекова (Атығай ЖОМ), І жүлделі орын және «Жыл сынып жетекшісі» атағы – Жанұзақ Нұргүл (№ 18 ЖОМ).

Жанұзақ Нұргүл Е.А. Букетов  атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «химия–биология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Педагогикалық еңбек өтілі – 7 жыл. № 18 мектепте 2009 жылдан бастап қызметін атқаруда. 2013 жылы  Жас ғалымдар, магистранттар, студенттер мен мектеп оқушыларының «ХІІІ Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми конференциясында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды; 2013 жылы ІІІ облыстық «Денсаулығы ең мықты мектеп» сайысында ІІ дәрежелі дипломның иегері. Сонымен қатар Нұргұл  мейірімді ана, Ләззат пен  Сабира атты  екі қыз  бала  тәрбиелеуде. Қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын сақтау,  салауатты өмір салтын қалыптастыру күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, Нұргұл оқушылардың бойында салауатты өмір салтын сақтауды қалыптастыруға  көп көңіл бөледі.
Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастырып, тәрбиелік шаралардың нәтижесін арттыруда.  

         Сайыскерлерге қалалық педагогикалық кәсіподақ ұйымының атынан ақшалай жүлделер, сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Сондай-ақ аталған жоба аясында осы күні наурыз айы бойы өткізілген «Танылым» қалалық бейнероликтер сайысының қорытындысы жасалды. Сынып оқушылары өздерінің сынып жетекшілері туралы роликтер түсіріп, ұстаздарына деген сүйіспеншіліктерін білдірді. Сайысқа 40-тан астам сыныптар қатысты. Сайыстың қорытындысы төмендегідей: ІІІ орын – № 11 ЖОМ-нің 7 сыныбы, № 5 ЖОМ-нің 9Б сыныбы, ІІ орын – № 14 ЖОМ-нің 9 сыныбы, Атығай ЖОМ-нің  9-10 сыныптары, І орын – № 13 ЖОМ-нің 10 Б сыныбы. Жеңімпаз сыныптарға дипломдар берілді.

          Жоба сынып жетекшісінің қызметіне қолдау көрсетіп, оның шығармашылық әлеуетінің дамуына, сынып жетекшісінің өзіндік тұлғалық дамуына және қоғамда абыройлы болуына септігін тигізері анық.