Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



2014 жылдың 30 наурызына тағайындалған шығып кеткеннің орнына қалалық мәслихаттың депутаттарын кезектен тыс сайлау

Сайлаушыға ақпарат

 

Сайлаушыларды тіркеу

 

Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін сайлаушының сайлау учаскесі аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді жүзеге асыруға уәкілетті органдар ішкі істер органдары болып табылады.

 

Сайлаушылардың тізімдері

 

Сайлауға қатысу үшін қажетті шарт сайлаушылардың сайлаушылар тізіміне енгізілуі болып табылады. Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жеріне қарай тиісті әкімдік жасайды. Сайлау тағайындалған сәттен бастап әрбір сайлаушы тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Дауыс берудің басталуына жиырма күн қалғанда, тиісті әкімдік учаскелік сайлау комиссияларына акт бойынша сайлаушылар тізімдерін ұсынады. Дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелерінде танысу үшін сайлаушыларға ұсынылады. Сіз сайлаушылар тізімдеріндегі өзіңіз туралы деректерді тексеруге құқылысыз.

Тізімге енгізбеу, дұрыс енгізбеу немесе тізімнен алып тастау, сондай-ақ тізімдегі сайлаушылар туралы деректерде жаңсақтықтар жіберу туралы арыздарды учаскелік сайлау комиссиясы өтініш келіп түскен күні қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы тұрған жер бойынша тиiстi сотқа шағым жасауға болады, ол шағымды - арыз келіп түскен күні қарап, түпкiлiктi шешiм қабылдайды.

 

Сайлау күні

 

         Дауыс беру сайлау күні, сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайда жергілікті уақыт бойынша сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі.

Сайлаушы өзі дауыс береді. Сайлауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер Сізге сайлаушылар тізімінің негізінде Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігіңізді көрсеткен кезде беріледі. Сіз сайлаушылар тізімінде бюллетеньдерді алғандығыңыз туралы қол қоясыз. Сайлау бюллетеньдерін сайлаушы жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. Оларды толтыру кезінде Сізден басқа кімнің болса да, кіріп тұруына тыйым салынады.

Егер сіздің бюллетеньдерді өз бетіңізше толтыруға мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда, өзіңіз сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылысыз, оның аты-жөні дауыс бергеннен кейін сайлаушылардың тізіміне тіркеліп, тұсына Сіздің бюллетень алғандығыңыз туралы қолыңыз қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиіс емес: сайлау комиссиясының мүшесі; жергілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы; кандидаттың немесе саяси партияның сенім білдірілген адамы; бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі - журналист; тиісті сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы.

Егер Сіз денсаулығыңыздың жай-күйі бойынша; науқас отбасы мүшесін күту себебі бойынша, сайлау учаскелері құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болып, дауыс беру үшін келе алмайтын болсаңыз, Сіз сайлау күні жергілікті уақыт бойынша сағат он екіден кешіктірмей учаскелік сайлау комиссиясына өзіңіз болатын жерде дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз. Учаскелік сайлау комиссиясы Сіздің болатын жеріңіз бойынша дауыс беруді ұйымдастыруға тиіс.

 

 

Екібастұз қаласы әкімі аппаратының

ұйымдастыру-бақылау бөлімі