Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Жас отбасыларға – жайлы баспана

Өңірімізде баспана саясаты жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Сәрсенбінің сәтінде пәтер алудан үмітті бірқатар екібастұздықтарға Энергетиктер көшесіндегі 64-үйдің кілті тапсырылды. 40 пәтерлік үйдің 10-ы ТҮКШ арқылы баспана кезегінде тұрған бюджет қызметкерлеріне, жетімдер үйінен шыққандарға берілді. Қалған пәтерлер «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарамасы бойынша «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкі» АҚ-да жинақтаушы салымы бар жас отбасыларға бұйырды.

Екібастұз қаласы әкімінің жедел және шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары Мырзажан Үсенов жиналған жұртты қоныс тойларымен құттықтап, иесіз қалған ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізген «Портал ПВ» ЖШС-не алғысын жеткізді. «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ-ның Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Байылов жас отбасыларды жаңа пәтерлерімен құттықтап, бірлесе жұмыс істеген жергілікті атқару органдарына ризашылығын білдірді.

Жаңа үйдің тұрғындары атынан сөз алған Дәулет Қанапия мен Кристина Ничик мемлекетіміздің жастар саясатына айырықша мән беріп отырғанын тілге тиек етіп, «бүгінгі қуаныш – мемлекеттік бағдарламаның іс жүзінде орындалуының айқын көрінісі» деп түйіндеді.

Баспанаға қол жеткізгендердің бірі – «Екібастұз дауысы – ақпараттық орталығы» ЖШС-нің қызметкері, әріптесіміз Мақпал Ақтанова. Ол «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында үй алуға тілек білдіріп, өткен жылдың қараша айында құжаттарын тапсырған. Ата-анасының үйінде тұрып келген Мақпалдың отбасы енді үш бөлмелі жайлы пәтерде тұратын болады.

Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ