Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Бесқауға ауылының тарихы

1956 жылға дейін Бесқауға Баянауыл ауданындағы «Александровка» кеңшарының бөлімшесі болып келді. Кеңестер Одағының тың игеру саясаты тұсында «Александровка» кеңшарында Бесшілік, Бесқауға, тағы басқа бөлімшелер егін салуға кіріседі.

Әуелі Бесқауғадағы әрі күзетші, әрі қоймашы болып Александровкадан көшіп келген Жұманияз Қасымов ақсақал тұрады. 1956 жылы егін бітік шығып, мұнда тағы да 2-3 үй салынады. 1957 жылы жазғытұрым Жұманияз Қасымов ақсақалдың орнына Сман Жансүгіров осы жерге қоймашы әрі дүкенші болып жанұясымен келіп қоныстанады. Осылайша, Бесқауға ауылы тұрғындар саны көбейіп, шаруашылығы ұлғая берді. 1962 жылғы 2 қарашада үкімет қаулысымен шаруашылық «Қарасу» кеңшары болып қайта құрылды.

         Целинный өлкелік атқару комитетінің 1962 жылғы 16 мамырдағы №10/267 шешімінің негізінде Баянауыл ауданы «Александровка» кеңшарының бригадасы негізінде «Қарасу» кеңшары құрылды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына сәйкес, 1972 жылғы 10 наурызда Екібастұз ауданы құрылып,  «Қарасу» кеңшары сол аумақта болды.

         Қарасу ауылдық кеңесі облыстық атқару комитетінің 1966 жылғы 1 сәуірдегі № 187/10 шешімімен құрылды. «Қарасу» атауы жаңа ауылдық кеңеске Қазақ КСР жоғарғы кеңесі Президиумы жарлығымен 1966 жылғы 24 маусымда берілді.

     
    Жаңадан құрылған ауылдқ кеңестің орталығы Қарасу ауылы болып табылады. Алайда «Павлодар облысының әкімшілік-аумақтық бөлінуі анықтамалығында» (Павлодар, 1971) және ауылдық кеңестің осы тектес анықтамалықтарында ауылдық кеңестің орталығы болып Бесқауға аталады.

         Ауылдық кеңес атауының өзгерген және орын ауыстырған күні туралы мәлімет жоқ.

         Екібастұз ауданының Қарасу ауылдық округі Павлодар облысы басшысының 1994 жылғы 14 сәуірдегі «Ауылдық округтердің құрылуы туралы» № 64 қаулысымен құрылды.