Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаттары Екібастұзда.

Ақкөл ауылдық округінің Зеленая роща ауылындағы мектепте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұржан Әшімбетов, Александр Суслов,  Мейрам Пішембаев,  қала әкімі Ержан Иманзаиповтың,  облыс және қаланың құрметті азаматтарының, ауыл тұрғындарының қатысуымен салтанатты шара өтті.  Аталмыш мектепке өткен жылдың қараша айында Үкімет қаулысымен  майдангер, ұлағатты ұстаз, Ақкөл-Жайылма жұртының қадірлісі Қажыбек Алғамбаровтың есімі берілген еді.

Қажыбек қарияның Шідерті негізгі мектебі тарихында алар орны ерекше. Қайраткер азамат осы білім ордасының қалыптасуы, дамуы, өркендеуіне қажыр-қайратын жұмсады. "Дара жол" атты дөңгелек үстелде қарияның балалары Манат Қажыбекұлы мен Сәуле Қажыбекқызы және  Қабдысамет Зайырбайұлы сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісіп, алғыстарын білдірді.
Депутаттар сондай-ақ, волейболдан турнирді салтанатты түрде ашып берді.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов Ақкөл ауылының тұрғындарымен кездесіп,  аймақтын тыныс тіршілігімен танысты және "Nur Otan" партиясы депутаттық фракциясының жиналысына да қатысты.

Күн тәртібіне бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша бюджет қаражатын игеру туралы, өңірдегі білім беру сапасын жақсарту туралы және қалалық мәслихат депутаттарының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында әкімдікпен өзара іс-қимылы туралы мәселелер шығарылды. Сонымен қатар, Ақкөл ауылында су құбырын іске қосуға қатысты мәселелер қаралды.

Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі.