Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" жобасын жүзеге асыру аясында

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" жобасын жүзеге асыру аясында көшпелі түрде өтіп жатқан келесі кездесу  Шиқылдақ ауылында өтті. Ондағы тұрғындармен  20-ға жуық сұрақ көтерілді. Ең көп адам саны ХҚКО қызметкеріне жиналды. Ауыл тұрғындары электрондық цифрлық қолтаңба сияқты қызмет алу форматына қалай көшуге болатыны туралы  сұрап жатты.
Зейгүл Махметқызы "Nur Otan" партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Нияз Макраевке ауылда дүкен жоқ деп күрсінді.

- "Қарапайым, сіріңке, шам сатып алатын жер жоқ. Тіпті қалаға таксистермен бірнеше адам барамыз да, барлығымыз бірден көлікке ұнды қабымен  сала  алмаймыз", - дейді зейнеткер.  Дүкен ашуға ниет білдірушілер де жоқ екен. Тағы бір көтерілген мәселе- ауылда жаназа асын беретін орын жоқ.

Бір ауыл тұрғыны алаяқтыққа тап болдым деп шағымданды. Әйелдің айтуынша, біреу оның құжаттары бойынша несие ресімдеген.  Кейін төлемін кешіктірген, оған банктен хабарласады.  Полиция өкілі бұл мәселені тексеріп, жіті бақылауына алатын болды.

Райхан Серкенова сәуір айында  жамбас-сан сүйегін сындырған. Ота жасалған кезде дәрігерлер пластина салған. Әйел төрт айдай жұмыс істемей дәрігерлердің қарауында болды. Уақытша мүгедектік қалай ресімдеймін деген сұрағымен кездесуге келген. Үшінші емхананың бас медбикесі көмекке келуге уәде берді.
Біршама жағдайларға байланысты дәл сол жерде шешілмеген мәселелерді жұмыс тобы ескеріп, бақылауға алды.

Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі