Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қала әкімі Шідерті мен Төртқұдықта болды

Жаңа жыл қарсаңында қала әкімі Нұржан Әшімбетов Шідерті кенті мен Төртқұдық ауылында іс-сапармен болды. Шаһар басшысы жұмыс сапарын кенттегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінен бастады. 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан спорт кешені 120 орынға лайықталған. Сонымен қатар, шаһар басшысы кешеннің жылу деңгейін тексерды.

Кенттің мектебіне арнайы барған қала әкімі білім ордасының ішкі-сыртқы келбетіне үңілді. 2007 жылы ашылған Шідерті жалпы білім беру мектебі 600 орынды. Бүгінгі күні 60 мұғалім жұмыс істейді, оның 55-і жоғары білімді, арнайы орта білімі бір мұғалім – 6. Көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары мемлекеттік бюджеттен тегін тамақтанады. Мектепте шағын орталық жұмыс істейді. Айта кетерлігі, мектепте кадр жетіспейді. Мектеп директоры Әсем Құсайынованың айтуынша, жас мамандардың кентке жұмыс жасауға келгілері жоқ. Алайда, қала әкімі Нұржан Кемерұлы: «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде үй, көтерме ақы беруді қарастырып, шақыру керек. Мемлекеттік бағдарламаны жас мамандарға нақты түсіндіру керек. Бағдарлама арқылы көрсетілетін көмектерді нақты түсінбеген маман ауылға келмейді. Сол себепті түсіндіру жұмыстарын егжейлі-тегжейлі жүргізу керек. Және мектептің ауласына көгалдандыру жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Жасыл желектер отырғызылмаған», - деп мектеп директорына кадр жетіспеушілігі мен көгалдандыру мәселелері турасында сын айтты.

Дәрігерлік амбулаторияны аралаған қала басшысы ғимараттың ішіндегі күрделі жөндеуді қажет етпейтін кішкене жұмыстарға ескерту жасады.

Шаруашылық меңгерушісі әр жерде жалбырап, шашылған интернет сымдарын қалыпқа келтіруге қаладан кісі келетіндігін айтып ақталды. Әлеуметтік маңызы бар үш нысанның тыныс-тіршілігімен танысқан кейін қала әкімі кент тұрғындарымен кездесіп, халыққа кенттің жаңа әкімін таныстырды. Еске сала кетейік, бұдан бір ай бұрын кент әкімі қызметіне 3 үміткер ұсынылған болатын. Үміткерлердің ішінде кентте бұрын әкім қызметін атқарған Жансерік Жанымхан, академик Ә.Марғұлан атындағы ауылдың әкімі Мұрат Қақожанов және Шідерті орта мектебінің директоры Әсем Құсайынова болған. Халық қалаулылары аталған ауылдық округ әкімінің қызметіне Мұрат Қақожановты лайықты деп таныды.

Кент әкімі халықпен қоян-қолтық араласып, Елбасының мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға барынша атсалысуы тиіс. Сонымен қатар, кентті абаттандыру мен жарықтандыруға, көріктендіруге, шағын сәулет нысандарын көркем безендіруге, жолдарды қысы-жазы тазалау және күтіп ұстау талаптарын сақтаулары қажет екендігі баса айтылып, нақты міндеттер жүктелді. Жаңа әкіммен танысқан кент тұрғындары жаңа әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.

Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов Төртқұдық ауылында да мектеп пен медпунктте болды және ауыл тұрғындарымен мәдениет клубында жиын өткізді.

Ауыл әкімі Базылбек Тасимовтың баяндауынша, ауылдық округке Төртқұдық пен Бозшакөл ауылдары енеді. Жалпы тұрғын саны Төртқұдық бойынша – 273, ал Бозшакөлде – 373. Төртқұдық ауылы бойынша 12 шаруа қожалығы бар. Қалалық бюджеттен 2018 жылы 21 млн.390 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күні бөлінген қаржы толығымен иегерілген.

Ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу мәселесінде түсінбеушілктер туындайтыны айтылды. Шағын бизнеспен айналысуға ниет білдірушілер де несие алу кезінде көптеген құжаттар жинайтындықтарын, алайда соңында несие алмай қалатындықтарын да жасырмады. Осы орайда, ауыл  әкіміне мемлекеттік бағдарламалардың түбегейлі түсіндірілмегені турасында сын айтылды.