Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қоянды ауылдық округіне жаңа әкім тағайындалды

Жуырда қалалық мәслихаттың 11 депутатының дауыс беруімен Қоянды ауылдық округінің әкімі сайланды. Еске сала кетейік, бұған дейін ауылдық округтің қызметін атқарған Мадина Ахметзянованың өз еркімен жұмыстан босатылуына байланысты бұл округке жаңа әкім тағайындау мақсатында «Қоянды ауылдық округі әкімінің сайлауын бекіту туралы» қаулысы жарияланды. Содан бастап округ әкімі қызметіне 3 үміткер ұсынылған болатын.

Үміткерлердің ішінде Бесқауға ауылында біраз жыл әкім қызметін атқарған Жанат Ибраев, қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Абай Хәкімов пен Бесқауға орта мектебі директорының орынбасары Дүйсенбай Сүлейменов болды.

Халық қалаулылары аталған ауылдық округ әкімінің қызметіне Абай Хәкімовті лайықты деп таныды.

Бесқауға ауылында өткен жиында тұрғындарға жаңа әкімді қала әкімі Нұржан Әшімбетов таныстырды.

Ауыл әкімі халықпен қоян-қолтық араласып, жергілікті жерлерде Елбасы саясатын жүзеге асыруда билік функцияларына жүктелген басты тұлға. Бәріміз білеміз, «Ауыл – алтын бесік». Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында ауылда кәсіпкерлік саласын дамытудың маңызы зор.

Ауыл тұрғындары бизнес саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді біле бермейді. Елбасының «Индустрияландыру» бағдарламасын жүзеге асыруға барша жұрт болып, оның ішінде ауыл әкімдері атсалысуы тиіс – деп жаңа әкімге нақты міндеттерді жүктеді.

Сонымен қатар, жиында ауыл әкімдері елді мекендердің аумақтарын жинастыруды және тазалауды ұйымдастыруға, аумақты күзгі-қысқы, көктем-жаз айларында тазалауға, ғимараттардың қасбеттері мен құрылыстарын күтіп ұстауға, тұрғын мақсаттағы аумақты абаттандыру мен жарықтандыруға, ортақ пайдаланудағы демалу мақсатындағы аумақты көріктендіруге, шағын сәулет нысандарын көркем безендіруге, жолдарды қысы-жазы тазалау және күтіп ұстау талаптарын сақтаулары қажет екені баса айтылды.

Жаңа әкіммен танысқан ауыл тұрғындары елдің жарқын өмірі үшін ең алдымен жол мәселесі шешілсе деген тілектерін жеткізді.