Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұзда аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық ашылды

Бүгін аутизм және менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған «Ерекше үй» оңалту орталығы ашылды. Ашылу салтанатына Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов, «Дегдар» қорының төрағасы Жанат Сексембаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Болат Құспеков және депутаттар Николай Арсютин, Сергей Лепехин, «Нұр Отан» АҚФ төрағасының орынбасары Нияз Макраев, «ERG» корпорациясының өкілдері қатысты.

Орталық «Дегдар» гуманитарлық қорының қайырымдылық жобасының аясында қордың қамқорлық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаеваның және Екібастұз қаласы әкімдігінің, сондай-ақ ERG компаниясының қолдауымен ашылды.

«Ерекше үй» орталығының директоры Аида Сеитова:

– «Бүгін біздің қаламызда қуанышты оқиға! Аутизм синдромы бар балаларды әлеуметтік бейімдеу мәселесі біздің өңірде аса өткір. Қалада аутизм дертіне шалдыққан 145 бала тұрады, оның ішінде мектеп жасына дейінгісі - 109. 23 бала балабақшаларға, 8-і мектептерге біріктірілген. Бүгінде аталмыш орталықта 32 баламен жұмыс жасалуда. Оңалту курсы үш айға есептелген.

Жыл бойы орталықта 120-ден астам балаға дейін қызмет көрсетіледі. «Ерекше үй» орталығының ашылуына аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналары мұрындық болды.

Олар балаларын оңалту үшін басқа аймақтарға, тіпті шет елдерге баруға мәжбүр болды, білікті диагнозға, оңалуға ие болды. Әкімдік тарапынан ата-аналардың өтініштері қолдау тауып, ата-аналардың арманы орындалды. Міне, бүгін біздің орталық өз есігін ашып, алғашқы оқушыларын қарсы алуда» - деді. 

Орталық мамандары балалар мен олардың отбасыларына жалпы дамудың, білімнің және әлеуметтік бейімделудің барынша жоғары деңгейіне қол жеткізу үшін жан-жақты кәсіби қолдау көрсетуді көздейді.

Орталықтың міндеті – мүгедектігі бар балаларға кешенді психологиялық, білім беру, әлеуметтік көмек көрсету және уақытылы анықтау.

Орталық өз жұмысында кешенді педагогикалық әдісті қолданады, жеке түзету бағдарламаларын әзірлейді. Орталық мамандары түзету әдістері, сенсорлық интеграция, АБА-терапия бойынша елордада білім алады. Бұл орталық балаларды
оңалтуға және қоғамға бейімделуіне  көмектеседі.