Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



«Қазақстан фермерлер Одағы» қалалық кеңесі құрылды

Екібастұз қаласындаауыл шаруашылығы саласы басшылары мен шаруа қожалықтарының иелері, фермерлер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерінің қатысуымен конференция өтті. Конференцияның басты мақсаты – «Қазақстан фермерлер Одағы» қалалық кеңесін құру. Конференцияны ашқан да қала әкімі Нұржан Әшімбетов:

– Жаңадан құрылатын фермерлер одағының негізгі бағыты – жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші фермерлердің заңды мүдделерін қорғау, құқықтық, басқа да несие-қаржылық жайларын реттеуге жағдай туғызу, - деді. 

Жиналғандарға қалалық кеңестің төрағалығына «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ төрағасы Әуезхан Дарыновтың бұйрығымен тағайындалған «Жаңа-ауыл» ШҚ» ЖШС-нің басшысы Қайрат Ибраевты таныстырды.

Конференцияға арнайы қатысқан Павлодар облысы бойынша «Қазақстанның фермерлер Одағы» облыстық кеңесінің мүшесі Оразалы Айтымовтың айтуынша, қалалық кеңестің ашылуы бірінші кезекте ауылдар мен алыс елді мекендерде тұратындардың өз бизнесін бастағысы келетіндер үшін тиімді. Өйткені, олар ең алдымен өз мүдделерін қорғайтын одаққа жүгіне алады. Қажетінде кеңестер мен заңды көмек алуларына, өзі қалаған сала түрін дамытуға жолы ашылады. Шаруа қожалықтарының иелері жыл сайын субсидияға қол жеткізуіне мүмкіндіктері кеңейе түседі.

Алқалы жиында сөз алған шаруа қожалықтарының басшылары біраз мәселелерді көтерді. Мәселен, мемлекетте мал шаруашылығына берілетін субсидияны алу үшін көп құжат жинау керектігін және ол несиеге тек шетелдің импортты малын сатып алу керек сынды талаптарын орындау қиындық туғызатындықтарын айтты. Осы сынды өзге де мәселелерді қалалық кеңес мүшелері жоғары мінберлерден айтып, шаруа қауымның ортақ мүддесіне жұмыс жасайтын болады.