Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Ақпараттық-түсіндірме жұмысы

Екібастұз қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен, шаруа қожалықтарының басшыларымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті жолдауы талқыланды. Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің төрағалығымен өткен жиында Елбасы Жолдауының басым бағыттары талқыланып, саяси құжаттың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін беретіні айтылды.

Павлодар облысының ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаев жолдауда еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту міндетін атады.

Ауылшаруашылығына шағын несие беру туралы баяндаған «Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несиелеу бөлімінің басшысы Ерқанат Қанаевтың айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту»  бағдарламасын жүзеге асырумен айналысады. Шағын бизнесті ашу немесе кеңейтуге несие беріледі. Шағын несиенің мерзімі – 7 жылға дейін.

«Аграрлық несиелік корпорация» АҚ-ы ПФ төрағасының орынбасары Ізбасар Жүсіпбеков «2017-2021 жылдарға нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған» бағдарламаны жүзеге асыруда «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі құрылымындағы үш компания жұмыс істейді. Олар: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, несие серіктестері мен микроқаржылық ұйымдарды қорландыру жолымен ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды несиелендіру бағытында «Аграрлы несиелік корпорация» АҚ, ауылдық жерлерде және шағын қалалардағы қолданыстағы бизнесті ұлғайту және бастаушы кәсіпкерлерге стартап ашуға бағытталған  микронесиелер мен несиелерді кепілдендіру бағытында «ҚазАгроГарант» АҚ.

Екібастұз өңірінде 274 шаруа қожалығы, 20 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Ағымдағы жылы 11 шаруа қожалығы ашылды. 2 субъект қой шаруашылығымен айналысады, олар: «Әзім» ШҚ (Шиқылдық ауылы), «Әділжан» ШҚ (Ақкөл ауылы). 9 субъекті мал шаруашылығымен айнасылады. «Іскер», «Сыбаға», «Игілік» және де басқа бағдарламалар негізінде 26 несие алушыға 103,4 млн. теңге көлемінде несие берілді. «Сыбаға» бағдарламасы шаруалардың кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік береді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 100 бас импорттық аналық ірі қара мал сатып алу үшін Қоянды ауылдық округінің «Гранат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 70,0 млн. теңге сомасында несие берілді.

Ағымдағы жылғы 5 қарашаға агроөнеркәсіптік кешен субьектілерін қамту негізінде мал шаруашылығы саласында 213,5 млн. теңге сомасында субсидия және өсімдік шаруашылығы саласында 19,7 млн. теңге сомасында несие берілді (гектар бойынша 16,8 млн. теңге, тұқым шаруашылығы 2,9 млн. теңге).

Жиында қатысқан ауыл шаруашылығы саласындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша импорттық аналық қара мал басын сатып алу бағытында жұмысты күшейту, сондай-ақ қайта өңдеу объектілерін, отбасылық бордақылау алаңдарын, сүтті қабылдау бөлімшелерін  ашу қажеттілігі сөз болды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жабдықтарын, техника сатып алу кезінде әрі ауыл шаруашылығы саласындағы басқа да салымдар болған жағдайда, Екібастұз қаласының статистика басқармасына есеп беру қажеттілігі баса айтылды.