Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұздағы бірқатар кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы өсетін болды

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Үкіметке қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есе – 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырған болатын. «Бұл бастаманы барлық ірі компаниялар, сондай-ақ, мен шақырған шетелдік компаниялар қолдайды деп үміттенемін», – деген еді Елбасы. Халық табысын өсіру және еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру тұрғысында Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша Екібастұз қаласында да бірқатар жағымды жаңалықтар бар.

Екібастұз аймағында «МАЭС-1», «МАЭС-2», «Богатыр Көмір» сынды қала құраушы 3 кәсіпорын, 23 ірі өнеркәсіп орындары, орта кәсіпорында 37 бірлік және 2584 бірлік шағын бизнеспен айналысатындар. Бүгінгі күні осы кәсіпорындарда 38547 адам жұмыс істейді.  Қаладағы жылу оқшаулағыш материалдарды өндіретін «МВИ» Завод» ЖШС-і  ағымдағы жылдың 1 қазанынан қызметкерлерінің жалақысын 20%-ке өсірді. Келесі жылдың басынан құрамында 82-і қызметкері бар «Гидропром» ЖШС-і еңбекақыны 10-20%-ке өсіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 50 қызметкері бар «Диас ДАР» және 676 қызметкер жұмыс жасайтын «Промашкомплект» ЖШС-тері 5-7%-ке еңбекақыны өсірмек. «Энергобасқарма» ЖШС-і өзінің 230 қызметкеріне жаңа жылдан бастап жалақыны көтеруді жоспарлап отыр, бүгінгі күні комитеттің қарауында. Ал, «Энергобасқарма» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Раис Гайнуллин басқарып отырған мекеменің қызметкерлері бұған дейін де жылдағы бекітілген өзіндік жоспарлары бойынша белгілі мөлшерде өсетін еңбекақыға қол жеткізіп келеді. 

 Жоғарыда аталған кәсіпорындарда қызмет етуші жұмысшылардың ең төменгі жалақылары 42500 теңге болса, жоғарғы жалақы 500 мың теңгені құрайды.

«Богатыр Көмір» ЖШС-інің аппарат басшысы Дастан Жарқымбековтің айтуынша, кәсіпорын өз қызметкерлерінің еңбекақысын 5%-ке өсіреді. Кәсіпорын басшылары Елбасының саясатын қолдап, өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруге дайын екендері қуантарлық жайт. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға түрткі болады. Айта кетерлігі, Екібастұз аймағындағы шаруа қожалықтарының иелері де Елбасы саясатына қолдау білдіруде.