Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Павлодарлық «жұлдыздар» халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұйымдастырып жатқан «Жұлдыздың ХҚО-дағы бір күні» республикалық акциясы Павлодар облысында да жалғасын тапты.

Бүгін Павлодар қаласының №3 бөлімінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасының жеңімпазы, домбырашы, әнші Алексей Лодочников, 1998 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық конькиші Людмила Прокашева, шоумен Айдар Құрымбаев және теле-радио жүргізуші Владимир Чубенко мемлекеттік қызметтер көрсетті. Олар азаматтарға кеңес беріп, дайын құжаттарды ұсынып, мемлекеттік қызметтерді онлайн тәртіпте алу жолын түсіндірді. 

Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы 604 мемлекеттік қызмет, электрондық үкімет порталы арқылы 455 қызмет ұсынылады. Акция аясында танымал тұлғалар ХҚО-ға келушілерге мобильді азаматтар базасының мүмкіндігімен таныстырып, бала туу бойынша проактивті қызметтер, EgovKzBot телеграмм-боты, «Анықтамасыз қызмет» сервисі арқылы үшінші тұлғалардың  анықтама алуы туралы айтты.

Мемлекеттік тілдің мерейін көтеріп жүрген Лодочников қызмет алушылардың көңілін көтеру үшін домбырамен қазақша ән шырқады. «Мен ән шырқап қана қойған жоқпын, сондай-ақ азаматтарға осы орталықтарға келмей-ақ, мемлекеттік қызметтерді алуға болатынын айттым. Үйден шықпай-ақ электрондық үкімет арқылы төрт жүзден астам қызметке қол жеткізуге болады екен. Қазіргі заманда уақытты үнемдеп, барынша цифрлық заманның мүмкіндіктерін қолданған жөн»,- дейді Алексей Лодочников.

Биылғы жылдың 9 айында Павлодар облысында «Азаматтарға арналған үкімет» фронт-офистері арқылы 1 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, соның ішінде 162 323 электрондық цифрлық қолтаңба беріліп,  600 мыңға тарта қызмет электрондық нұсқада ұсынылған.