Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұзда «Пегас» жанар-жағармай құю станциясы ашылды

Екібастұз қаласында жағымды жаңалық орын алды. Қонаев көшесінің бойында «Пегас» жанар-жағармай құю станциясы ашылды. Ашылу рәсіміне арнайы қатысқан қала әкімі Нұржан Әшімбетов кәсіпкердің игі ісіне сәттілік тіледі.  

Еліміздің Тәуелсіздік жолында еңсесі көтеріліп, экономикасы қуатталып, қаламыз түрлі нысандармен жаңару үстінде. Көмірлі қаламызда халықтың-әлеуметтік тұрмысына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына барлық жағдай жасалуда. «Пегас» жанар жағар май станциясының ашылуы қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының көрінісі екені сөзсіз. Өңірлерді дамыту – келешекке кемел қадам баса отырып, ішкі мүмкіндіктеріміз бен ресурстарды орынды пайдалана білу болып табылады. Өндірістік қуаттарды одан әрі ұлғайту арқылы сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу басты бағыт екенін Елбасымыз дәстүрлі Жолдауларында айтып келеді.

Жанар-жағармай сатумен айналысатын «ABN-TRADE»- ЖШС-і өзінің он үшінші станциясын көмірлі шаһарда ашты. Жанар-жағармай құю бекетінің Екібастұздағы менеджері Азамат Қожановтың айтуынша, бұл кәсіпорынды 2008 жылы Асылхан Оспанов құрған екен. Жанар-жағар май Ресейден тасымалданады. Осы аптада станцияда қызмет алушыларға тұрақты клиент ретінде дисконттық карта тегін берілсе, келесі аптада карта құны 500 теңге болады. Бұл карталар арқылы клиенттер жанар-жағар майды 3 пайыздық жеңілдікпен алады.