Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қала әкімі жұқпалы аурулар бөлімшесінде болды

Бүгін қала әкімі Нұржан Кемерұлы Әшімбетов Екібастұз қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде болып, жөндеуден өткен бөлімшенің хал-ахуалымен танысты.

Екібастұз қалалық ауруханасының бас дәрігері Мұхаметқайыр Аңдосов өз кезегінде жұқпалы аурулар бөлімшесіне ыстық су жіберілгенін, аса қауіпті инфекциялы ауру жұқтырған күдікті науқастарды қабылдайтын кабинеттер мен бактериологиялық зертхананың іші де жаңартылғандығын айтты. Жалпы жөндеу жұмыстарына 130 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалған.   

Бөлімшенің жұмысымен танысқан қала әкімі сол жерде шаһардағы басқа да ауруханалардың өкілдерімен арнайы жиын өткізіп, маңызды мәселелерді талқылады. Медицина қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету турасындағы сұраққа қала әкімі Нұржан Кемерұлы «7-20-25» бағдарламасын негізге ала отырып, нақты жауап берді.

Айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін арнайы тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады. Сертификаттар бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Сертификаттарды облыс және қала әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіретін болады. Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотеканың алғашқы жарнасын субсидиялау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырғаны белгілі. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Арнайы сертификаттың жарнасы қазіргі таңда қарастырылуда. Алдағы аптада белгілі болуы мүмкін.