Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Павлодар облысының әкімі сенаторларды Екібастұздағы индустриялық аймақтың құрылысына қолдау білдіруге шақырды

ҚР Парламенті Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев бастаған депутаттар тобы Павлодар облысына екі күндік іс-сапармен келді.

Екібастұзда сенаторлар темір жол кластеріне жататын бірнеше кәсіпорынды және раушан өсіретін жылыжайды аралады.

Сонымен қатар, астаналық қонақтар Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС-қа ат басын тіреді. Бұл жерде депутаттық комитеттің көшпелі отырысы өтіп, электрэнергетика саласын дамыту мәселелері талқыланды.

Павлодар облысының әкімі депутаттармен Екібастұз электрэнергетикалық станция аумағында индустриялық аймағын қалыптастыру бойынша жоспарларымен бөлісті.

- Қазіргі кезде инвесторларды салық жеңілдігі емес, арзан электрэнергиясы қызықтырады, - деді Болат Бақауов. – Сондықтан инвесторлар KEGOC желісі емес, шиналар арқылы электрэнергиясын алуы үшін станцияларымыздың айналасынан бос телімдерді дайындап қойдық. Оған қоса, біз облыстық бюджеттен күштілігі 500 Мегаватт болатын қосалқы станция жобасына қаржы қарастырып отырмыз. Болжам бойынша бұл жобаның құны шамамен 10-12 миллиард теңгені құрайды. Біз аталмыш жобаны республикалық деңгейде қарастыру кезінде қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз және жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруға дайынбыз. Сонымен қатар, өңір басшысы депутаттар алдында «Павлодар» АЭА (арнайы экономикалық аймақ) резиденттерінде ұдайы туындайтын мәселені көтерді. Мәселе арнайы экономикалық аймақ мүшелерінің барлығы өз кәсіпорындарының аумағына тауарларын ҚҚС-сыз (қосылған құн салығы) кіргізе алады. Алайда, өнім АЭА ішінде айналған кезде олардың аталмыш жеңілдікті пайдалануға құқықтары жоқ.

Осылайша, «Guissenhaus» ЖШС қосындыланған алюминийді осы шикізаттан автомобиль дискілерін шығаратын «КиК» ЖШС-не жіберген кезде оған қосылған құн салығы сұралады. Белгілі болғандай, бұл құқықтық олқылық заңды түрде қарастырылуда. Сенаторлар бұл сұрақты түртіп алып, жақын арада оны Парламентте егжей-тегжейлі қарастыруға уәде берді.

Рavlodarnews.kz