Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұзда классикалық шахматтан Павлодар облысы әкімі Кубогының V кезеңі басталды

Екібастұз қаласындағы Шахмат үйінде бастау алған шахмат додасына еліміздің түрлі өңірлерінен (Тараз, Қарағанды, Қостанай) және Тәжікстан мен Ресейден 60-тан астам қатысушы келді.

- Шахмат – терең ақыл мен сабырлықты, парасатты қажет ететін спорттың ерекше түрі. Жыл сайын шахматқа қызығушылығы артып келе жатқан аға буын мен жастарды көргенде қуанамыз. Екібастұзда өтіп жатқан бұл турнирге облысымыздың әр түрлі қала, аудандарымен қатар республиканың бірқатар аймақтарынан, шет елден қонақтар келіп отыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов.

Павлодар ауданының әкімі, Павлодар облыстық шахмат федерациясының президенті Александр Бабенко атап өткендей, еліміздегі халықаралық дәрежедегі шеберлердің 20 пайызы – Ертіс өңірінің тумалары.

- Павлодардың Қазақстандағы шахматтың астанасы деп аталауы заңды, - дейді Александр Бабенко. – Бұл спорт түріне үнемі қолдау беретін аймақ басшысы Болат Бақауовқа алғысымызды білдіреміз. Шахмат – адамды жан-жақты ойлап, өмірде әр түрлі шешімдерді табуға үйретеді. Бүгін де  кілең мықтылар жиналғанын көріп отырмыз.

Бас төреші Евгений Егоровтың айтуынша, аталмыш турнирде халықаралық деңгейдегі шеберлердің нормасы орнатылған.

Бағдарлама екі турнирден тұрады. «А» турнирінде шеберлер бақ сынаса, «Б» турнирінде 9 турда барлық шахмат сүйер қауым ойнады. Екінші бағдарламаның жеңімпаздары келесі кезеңнің шеберлер турнирінде ойнауға жолдама алады.

Жарыс 13-қыркүйек күні аяқталады.

Шахмат додасының ашылуына Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, бірқатар әлемдік жарыстардың жеңімпазы Төлеген Нүкин қатысты. Айта кетейік, Төлеген Нүкин көптеген әлем чемпиондарының ұстазы. Оның шәкірттерінің қатарында қазіргі облыстық федерация президенті Александр Бабенко мен Екібастұз қаласының әкімі, шахматтан екінші разряд иесі Нұржан Әшімбетов те бар.

 

 

Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Абзал Қабдраш 8 777 458 98 41