Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



«Сүт безінің қатерлі ісігін және ісікалды аурулардың алдын алу және тәуекел факторлары»

Сүт безінің қатерлі ісігі (СБҚІ) деп  сүт безінің безді ұлпасының қатерлі ісуін айтамыз, ауруға шалдыққан науқастың 99%- әйел адамдар. Әлемде жыл сайын шамамен 1 млн. СБҚІ тіркеледі. Әр сағат сайын бұл қатерден 1 әйел көз жұмады.

Біздің облыс онкологиялық ауруларды анықтауда алғашқы қатарда екендігі белгілі. Онколог дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісіктерді аңғаруда профилактикалық тексеріліп-қараулар маңызды рөл атқарады. Дегенмен бастапқы кезеңде көптеген қатерлі ісіктер белгілі бір сипатқа ие болмайды, басқаша айтқанда ешқандай белгі бермейді.

Әрине, онкология дені сау ағзада бірден туа салмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша оның дамуына өндірістің қолайсыз жағдайлары, зиянды әдеттер, еңбек және демалыс тәртібінің сақталмауы ықпал етеді. Ғалымдардың айтуынша, адамның денсаулығы  50% әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты, экологияның әсері 20%-ға байланысты болса, сонша пайыз тұқым қуалаушылық та орын алады.

Көптеген жағдайларда сүт безінің қатерлі ісігінің туу себептері анықсыз болып қалуда. Дегенмен бірқатар зерттеулердің нәтижесінде сүт безі ауруларының (оның ішінде сүт безінің қатерлі ісігі) дамуының негізгі себептері белгіленді.

Сүт безінің қатерлі ісігінің тәуекел факторларын бірнеше топқа бөлуге болады: расталған, болуы мүмкін және күмәнді.

- Расталған факторларға әй ел жақтан тұқым қуалаушылық ісіктің болуы, анамнезде сүт безінің қатерлі ісігінің болуы жатады.

- Болуы мүмкін факторларға босанудың болмауы, кеш алғашқы босану, ерте алғашқы етеккір, кеш етеккір үзілісі, жарақаттар, маститтер, ұзақ гормондық терапия жатады.

- Күмәндіге - контрацептивтер, кофе, никотин, есірткі, ішімдік және т.б.

Тәуекел факторының болуынан әйел адам кеуде ісігіне шалдығады деп айта алмаймыз. Онкологиялық патологияның даму мүмкіндігі бірнеше тәуекел факторлары болғанда, әсіресе, егер ол расталған түрге жатқанда  артады. Алайда кеуде ісігі тәуекел тобына қатысы жоқ әйелдерде анықталу да мүмкін.

СБҚІ-нің алдын алу этиологиялық және тәуекел факторларды, қоршаған ортаны қорғау және канцерогендердің ықпалын азайту, отбасылық өмірді қалыпқа келтіру, уақтылы баланы босану, сәбиді емізу сияқты жағдайларды зерделеуден тұрады.

 

 

Екібастұз қалалық қоғамдық

денсаулық сақтау басқармасының

бас маманы                                                          Б.У. Абдрахман