Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұздық үздік шахтерлер марапаттарға ие болды

Екібастұздағы «Өнер» орталығында Шахтер күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, мерекелік концерт өтті.

Шахтерлерді кәсіби мейрамымен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов арнайы құттықтап, үздік қызметкерлерді марапаттады.

- Сіздердің мамандықтарыңыз өңіріміз үшін қашан да қажетті, әрі маңызды болып келді және солай қала береді, - деді мереке себепкерлеріне Болат Бақауов. – Шахтерлердің еңбегінің арқасында өндіріс орындары мен тасымал жұмыс жасап, ал, үйімізге жылу келіп тұр. Кеншілер жан аямай еңбек ету арқылы Екібастұздың көмір өнеркәсібінің шежіресіне өз есімдерін жазуда. Сіздердің даңқты еңбектеріңіз бар ынтамен берілудің және игіліктің үлгісі болып қалады.

Айта кетейік, «Восточный» разрезі басқармасының операторы Ольга Пожарицкая мен «Майкубень Вест» ЖШС «Путь» қызметінің басшысы Виктор Радионовқа «Еңбек ардагері» медалі берілді.

Ал, «Восточный» разрезінің конвейер машинисті Мұрат Ахметов, экскаватор машинисі Жарылғасын Марденов, дәл осы разрездің маманы Елена Нечес пен тепловоз машинисі Фекрет Касумов ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамоталарына ие болды.

Сонымен қатар, үздік қызметкерлерге Павлодар облысы әкімінің Құрмет және Алғыс хаттары, 2,3 дәрежелі «Шахтер даңқы», 1,3 дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілері табысталды.

Марапаттау рәсімінен кейін сахна төрінде «Богатырь» ЖШС мен «Восточный» разрездерінің өнерпаздары, Екібастұз қаласының шығармашылық ұжымдары мен отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Қазақстан эстрадасының танымал әншілері Әлішер Каримов пен Диана Шарапованың ән шашуы кешкі бағдарламада жалғасын тапты.  «Қазақстан» кинотеатрының аумағында ашық аспан астындағы мерекелік концерт ұйымдастырылып, шара отшашумен аяқталды.