Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Павлодардағы «Ұлы дала» фестивалінде 100-ден астам киіз үй тігілді

Тамыз айының 3-5 аралығында Павлодар қаласында халықаралық «Ұлы дала» фестивалі өтті.

Ауқымды шара Естай атындағы мәдениет сарайында ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысынан бастау алды. Мұнда Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Естай Беркімайұлы мен Мұса Шорманның атындағы 5 секция жұмыс істеді. Кешкі уақытта Ertis promenade cахнасында «Ертістің ерен Естайы» атты республикалық дәстүрлі ән концерті өтті.

Фестивальдің екінші күні Ленин кентінің маңында 100 киіз тігіліп, этноауыл бой көтеріп, оны тамашалауға мыңдаған адамдар ағылды.

- Киелі Ертіс-Баян жерінде мұндай ірі шара осымен үшінші жыл ауқымды түрде өтіп жатыр, - деді облыс әкімі Болат Бақауов. - «Ұлы дала» фестивалі халық асыға күтетін шараға айналды. Бүгінгі думанға жиналған бұқара халық соның куәсі. Мұндағы басты мақсат ұлттық санамызды жаңғыртып, салтымызды сақтау және дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған. Дана халқымыз «Өткенді ұлықтау - тарихты ұмытпау» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі таңда бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, «Рухани жаңғыру» арқылы жоғымызды түгендеу  -  баршамыз үшін зор міндет. Осыдан үш жыл бұрын Елбасымыз Қазақстанның символдық атауын бүкіл елге паш ету жөнінде айтқан. Ұлы дала идеясы халқымызды әлемге кеңінен таныту мақсатында белсенді жүргізілуде. Үш күн бойы жалғасатын Ұлы дала дүбірі баршаңызға құтты болсын!

Бұл күні этнофестивальдің бағдарламасын аясында сазды-әдеби композиция, театрландырылған көрініс, ақындар шеруі, түрлі сайыстар өткізілді. Бас сахнада «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және «Ертіс-Баян әуендері» шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды.  Спорттық алаңдағы аударыспақ, теңге алу, қазақ күресі, көкпар, асық ату, құсбегі, тас көтеру сияқты ұлттық ойындарды көруге халық көптеп жиналды.

Сонымен бірге,  «Өнерлі елдің өрісі биік» атты қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін тамашалағандарда аз болмады.

4-тамыз күні ашық аспан астындағы  Ертіс promenade  сахнасында С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театры «Көмекей әулие-Бұхар жырау» тарихи драмасын сахналады.

Фестивальдің үшінші күнінде меймандар Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Концертке «Жігіттер» тобы, Ернар Айдар, Әлішер Кәрімов сынды танымал әртістер қатысты. Кештің жүргізушілері белгілі әртіс Айгүл Иманбаева мен Данияр Есен.

Сонымен қатар, арбалар шеруі өтіп, орталық сахнада «Қоянды жәрмеңкесі» театрландырылған қойылымы ұсынылды. Өзбекстандық өнерпаздар биіктікте арқан бойымен жүріп өтті. Арнайы белгіленген шатырда сирек кездесетін ұлттық тағамдар қойылды.

Этноауылға келгендер асау үйрету мен садақшылардың да шеберлігіне куә болды. Парашютпен секірушілер «Ұлы дала» логотипі бар кәмпиттерді аспаннан шашу етіп шашты. «Kazakh Union» каскадерлер тобы ат үстінде өнер көрсетті. Кешкі сағат 20:00-де «Ұлы дала» этнофестивалінің жабылуына орай «Ертіс promenade» сахнасында гала-концерт ұйымдастырылды.

Фестиваль аясында голливудтық жұлдыздар «Бастау» домбырашылар дуэті қалың қауымның алдында күй тартты. Бұл топтың мүшесі Темірлан Олжабай – Естай Беркімбайұлының туған жиені.

Этнофестивальге 70-тен астам шет елден келген делегация қатысты.

Үш күндік бағдарламада екібастұздық өнер оғландары да жұртшылыққа әндерін тарту етіп, ұлттық аспаптарда өнер көрсетіп, іс-шараларға белсенді қатысты. Кеншілер шаһары өңірінен 10-нан астам киіз үй тігілді. Біздің ауыл Естай Беркімбайұлының ауылы деп аталды.