Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұздықтар Айша бибі мен Домалақ ана кимешектерінің үлгісін көрсетті

Екібастұз өлкесі «Ұлы дала» этнофестивалінде қазақтың қыз-келіншектері мен әжелердің бас киімдерінің 16 түрін ұсынды.

Бұл күні жұртшылық назарына Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы Айша бибінің «Айорал», есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі Домалақ ананың «Аналық» деп аталатын кимешектері көрсетілді. Сонымен қатар, ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Йассуидің қызы Гаухар ананың, Жәнібек ханның әйелі Бегімай ханымның заманға сай сәл өзгертілген және әйел адам жеңілденгеннен кейін киетін бас киімдері, жазғы тоқыма түрлері таныстырылды.

 – Әйелдердің бас киімі – сәукеле, бөрік, қарқара, кимешек, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық деп бөлінеді, – дейді «Атамұра» мәдениет орталығының мәдени ұйымдастырушысы Гүлмайра Ерсінқызы. –Жаулық – егде әйелдердің басына орамалап тартатын бас кимдердің бірі. Әз әжелерді, асыл аналарды ардақтағанда ақ жаулықты деп дәріптеуі содан болса керек. «Жаулық салу» ұғымының астары осыны меңзейді. Кимешектің ең ежелгі түрі орама кимешекті Қазақстанның батыс аймақтарындағы арғындар киген. Ертеректе өмір сүрген адамдардың айтуынша, орама кимешекті XIX ғасырдың 20-30 жылдарында да киген, бірақ XX ғасырдың басында оның басқа пішіндері пайда болады. Бетті көрсетуге арналып ойылған мата бөлігін тікпестен басты орап бекіткен. Сондықтан бүгін Естай ауылында қазақ әйелінің сұлулығы мен әдемілігін паш ету мақсатында кимешектер көрмесін ұйымдастыруды жөн көрдік.

Маманның айтуынша, бір бас киімге шамамен бес-жеті мың теңге кеткен. Қымбат тастармен безендірілген түрлерінің бағасы біршама жоғары.

– Жалпы, өзімізде өткен мәдени шараларда 30-дан астам түрін көрсеткен болатынбыз, – дейді  Гүлмайра Ерсінқызы. – Бұл жерде кішкентай бүлдіршін қыздың тақиясынан бастап ақ жаулықты әжелердің қатпарлы бас киімдерін тамашалауға болады. Тарихқа үңілетін болсақ, кезінде әйел адамның мәртебесі мен жас ерекшелігін бас киіміне қарап ажыратқан. Осыған байланысты біздің ауылдық клубтың ұйымдастырушылары арнайы ақпарат жинап, эскиздерін дайындады.

 

Рavlodarnews.kz