Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қайрат Нүкенов омбылықтарды қала күнімен құттықтады

Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов Ресей Федерациясының Омбы өңірінде қала күніне арналған мерекелік шараға қатысты.

Қала мэрының шет елдік және көрші аймақтардан келген меймандарымен өткен кездесуінде Қайрат Теміршотұлы омбылықтарды мерекемен құттықтады.

Аталмыш шара камералық музыка залында өтті.

- Қазақ даналығында бір сөз бар: «Бір-бірімен көңілдері суыспай, қатар қонған екі көрші – туыстай». Шынымен де, екі ел арасында орын алып жатқан байланыс жыл өткен сайын жаңа деңгейге көтерілуде. Соңғы жылдары Павлодар облысы мен Омбы өңірінің арасында білім, мәдениет, спорт, цифрландыру салаларында тың жобалар жүзеге асуда. Арамыздағы қарым-қатынастың бұдан ірі нығая түсетініне сенімдімін. Қаланың туған күні құтты болсын, - деді Қайрат Нүкенов.

Құттықтау сөзінен кейін Қайрат Нүкенов Омбы мэры Оксана Фадинаға көмір бейнесіндегі мүсін мен Екібастұз қаласының көрікті жерлерінен жасалған магнитті фотоальбом, сонымен қатар Баянауылдың табиғаты салынған картинаны сыйға тартты.

Айта кетейік, кешкі мерекелік бағдарламада екібастұздық әнші, республикалық, xалықаралық ән байқауларының лауреаты өзінің авторлық туындысы «Екібастұз» әнін шырқайды.

Биыл Омбы қаласына 302 жыл толды. Мереке 3, 4 тамыз күндері тойланады. Шараға ҚХР, Германия, Әзірбайжан консулдықтары мен бірқатар көрші елдердің қалаларынан меймандар келді.