Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Әулиенің тойы өтті Ескелдіде

Ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдық тойы мерекеленді.

Дүбірлі думан Баянауыл ауданының Жаңажол ауылдық мәдениет  үйінде облыстық ақындар айтысымен басталды. 16 ақын той көрігін қыздырып, Баянның даласын жырға бөлесе, Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» орталығында республикалық «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы, термешілер байқауы өтті.

28-шілде күні Ескелді шатқалындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұражайына келген xалықтың қарасы қалың болды.

Этноауылда ғұламаның Алматы қаласының Ғылым академиясындағы сақталған құнды қолжазбаларының көрмесі ұйымдастырды. Барлығы 14 құжат жұрт назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ақынның 20-томдығының, «Мәдениет» республикалық журналының Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған нөмірінің тұсаукесері өтті.

Мәшһүртанушылар бас қосып, ойшыл, ғұламаның шығармашылығын зерттеу жолы жайында пікір алмасты. Жиында облыс әкімі Болат Бақауов сөз сөйлеп, Мәшһүр мұрасының байлығына тоқталды.

-  Павлодар облысы әрдайым талантты бабаларына құрмет көрсете біледі, - деді Болат Бақауов. -  Жуырда ғана Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын атап өтсек, бүгін Мәшһүр Жүсіп бабамызды ескеалып отырмыз. Жерлестеріміздің  туған өлкесінде көптеген іс атқарылуда. Өскелең ұрпақты  тәрбиелеу бағытында жұмыс жасалуда. Мұндай мерекеге жұртшылықтың балаларымен келіп жатқанына өте  қуаныштымын. Себебі, олар қазақ елінің салт-дәстүрі мен мәдениетіне терең бойлап,  елі мен жеріне деген патриоттық сезімді сіңіреді.

Бұл күні xалық асыға күткен тағы екі шараның бірі айтыстың финалы болса, бірі – ат жарысы.

Мәре айтысқа алты ақын шықты, оның төреуі – Баянауылдан, екеуі – Павлодардан. Нәтижесінде жаңажолдық ақын Тілек Сейітов бірінші орынды қанжығасына байлады. Павлодарлық Қуанышбек Шарманов екінші орын алса,  баянауылдық Нұрғанат Қайрат үшінші орынды иеленді.

Ауқымды тойда Екібастұз өңірінің ауылдары үш киіз үй тігіп,  меймандарға ұлттық тағамдардан дәм татырды.