Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Естайдың тойы – елдің тойы

Екібастұз қаласының Қаражар ауылынан 5 шақырым жерде ақын, әнші, композитор, атақты жерлесіміз Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы тойланды. 30 киіз үйден тігілген этноауылға халық көп жиналды.

Көпшілік қауым бұл күні Әулиекөл жағасында республикалық аспапты ән фестивалі мен шығармашылық интеллигенция қатысқан диалог алаңының, жергілікті және отандық өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттің, сонымен қатар ұлттық спорт түрі – бәйгенің куәгері болды.

Ауқымды шарада сөз алған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Естай Беркімбайұлының ән әлеміндегі шоқтығы биік тұлға екендігін атап өтті.

- Композитор, ақын әрі әншінің өмірі жолын жұртқа насихаттау біз секілді замандастардың міндеті. Біз бабаларымызға қалай құрмет көрсетсек, келешек ұрпақ бізді де солай құрметтейді. Барлығыңызды Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Естай бабамызды зерттеп іздейтін ұрпағы барда, қазақ халқы барда оның мұрасы өшпек емес, - деді аймақ басшысы.

Мерейтойы иесінің құрметіне ұйымдастырылған диалог алаңында Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов Лос-Анджелесте өткен халықарылық байқауда жеңіске жеткен «Бастау» домбырашылар тобын жеңісімен құттықтап, шежіре сыйлады. Айта кетейік, «Бастау» тобында Ернат Наурыз бен Темірлан Олжабай өнер көрсетеді. Темірлан – Естай атамыздың жиені.

Сондай-ақ, жиын барысында облыс әкімі Болат Бақауов, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, композитор, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, өнертанушы, күйші Қайрат Айтбаевтар және өзге де құрметті қонақтар сөз сөйледі.

Балнұр Қыдырбек ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан Болат Бақауовқа алғыс хат табыстады.

Аспапты ән фестивалінде Қарағанды, Петропавл, Астана, Павлодар, Орал қалаларынан келген әншілер мен «Қорқыт» республикалық этно-фольклорлық ансамбілі өнер көрсетті.

Әулиекөл жағасында жастар қырғауылдарды көлге ұшырды.

Қолөнер шеберлерінің бұйымдары халық назарына таныстырылды. Этноауылға келген балалар үшін бүлдіршіндер алаңы жұмыс істеді. Сондай-ақ, спорттық алаңдарда да түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрі бәйгені тамашалағандар қатары қалың болды.