Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Естайдың ұрпағы Голливудта жеңіске жетті

Қазақстандық «Бастау»  домбырашылар тобы АҚШ-тың World Champions Olympic байқауына қатысып, өз номинациялары бойынша алтын медальға ие болды.  Құрамында Ернат Наурыз бен Темірлан Олжабай өнер көрсететін топ әлемдік байқауда Қазақстанның намысын абыройлы қорғады.

Айта кетейік, Павлодар өңірінің тумасы Темірлан Олжабай қазақтың көрнекті ақыны, әнші Естай Беркімбайұлының ұрпағы болып табылады.

Бұл туралы белгілі журналист, ақынның шөбересі Фархад Әміренов былай дейді:

Естайдың немере інісі менің атам Қыздарбек Әміреновтің үлкен қызы бар. Есімі - Тәнкеш апа. Темірлан сол кісінің жиені. Темірланның өз атасы Олжабай Арал Екібастұз ауданының алғашқы әкімі болған.

Темірланның анасы Арман Аралдың айтуынша, баласы 5 жастан бастап домбырамен әуестенеді.

Балам Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің үшінші курс студенті, - дейді Арман Арал. – Жасы 22-де. Ақын-сазгер, танымал тарихи тұлға Естай Беркімбайұлы Темірланның нағашы атасы. Өз атасы Олжабай Арал өмірін басшылық қызметке арнаған адам. Ұлымның жеңісіне өте қатты қуаныштымын. «Бастау» тобы Қазақстанға 17 шілде күні келеді. Барлық отандастарымды үлкен жеңіспен құттықтаймын.

World Championship of Performing Arts - WCOPA халықаралық таланттар олимпиадасы. Өнер додасына әр мемлекеттің ең талантты деген өнерпаздары қатысады. Әлемдік шоу-бизнестің астанасы Лос-Анджелесте осымен 22 рет ұйымдастырылған олимпиадада 72 мемлекеттің өкілдері  бақ таластырды. Қазақстан аталған жарысқа алғаш рет қатысып отыр.

Қазақтың ұлттық домбырасын әлемдік сахнаға шығарған «Бастау» тобы өз жеңістерін «Ұлттық домбыра күніне» тарту ететіндерін жеткізді.

Еске салайық, биыл – Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойы. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері,  Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі Естайдың мерейтойы 21 шілде күні туған жері Екібастұз қаласы Қаражар ауылынан 5 шақырым жерде Әулиекөл жағасында өтеді. Этноауыл бой көтеріп, ғалымдардың қатысуымен диалогтық алаң ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама мен спорттық шаралар ұйымдастырылады.

 

Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Абзал Қабдраш 8 777 458 98 41