Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Дүбірлеп өтті ақынның тойы

14 шілде күні Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы кең көлемде мерекеленді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі күнге созылған ауқымды шараны тамашалауға келген жерлестеріміздің саны көп болды.

Екібастұздық делегация да ақынның тойына арнайы атбасын бұрды. Бұл күнгі бағдарлама ағартушының кесенесіне зиярат етуден басталды.

Бұдан кейін Торайғыр ауылын көптеген жылдар бойы басқарған Қабиден Әубәкіровтің бюсті және музей-кабинеті ашылды. Бұл шараның өтуіне Қ. Әубәкіровтің ұрпақтары мұрындық болған.

Осыдан соң меймандар С. Торайғыров атындағы мұражайға экскурсия жасап, бұлақ басына барды. Табиғаты көздің жауын алған киелі өңірдің дүбірлі думаны ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстармен және дуатлонмен жалғасын тапты.

Айта кетейік, ақынның мерейтойына орай «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған ...» атты республикалық онлайн-мүшәйра жарияланған болатын. Жыр додасының қорытындысы той күні белгілі болды. Сонымен қатар, сахна төрінде І Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының қортындысы жарияланып, ұлан-асыр мереке гала-концертке ұласты.

Осылайша, ақын, ағартушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, небәрі 27 жыл өмір сүріп, соңынан өшпес мұра қалдырған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы тиісті деңгейінде тойланды.

Ертіс-Баян өңіріндегі шаралар осымен аяқталған жоқ. Келесі кезекте Екібастұз өңірінің тумасы, ақын, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі болған тау тұлға Естай Беркімбаұлының 150 жылдығы мерекеленбек. Бұл той 21 шілде күні ақынның туған мекені Екібастұз қаласы Қаражар ауылынан 5 шақырым жердегі «Әулиекөл» көлінің жағасында өтеді. Дүйім жұрттың назары ауған тойдан қалыс қалмаңыздар!