Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



«Шіркін, life» этно-қалашығы өз жұмысын бастады

2018 жылдың 6-14 шілде аралығында Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында Екібастұз қаласының оқушылары «Шіркін,life» этно-қалашығының жұмысына қатысады.

Этно-қалашық «Қайнар» ББК аумағында тұрғызылды. Онда 11 этномәдени бірлестік өз халқының мәдениеті мен тұрмысын көрсетіп, ұлттық тағамдарын даярлап, дәстүрлі ұлттық қолөнер бойынша 350 оқушыға шеберлік сабақтарын өткізбек. Импровизациялық этно-үйлерде оқушылар ағаш ойып, киіз түтіп, ұлттық оюларды тігуге үйренеді.

Іс-шараға оқушылар ғана емес, ұлттық қолөнерді үйренгісі келетін отбасылар да қатысады.

Қала әкімі Қайрат Нүкенов этно-қалашыққа арнайы келіп, жобаның жұмысымен танысып, қалалықтарды мерекемен құттықтады.

Этно-қалашықтың әрбір күні ұлттық ойындарды, түрлі халықтардың әндері мен билерін, сайыстарды, халықтардың қолөнерін, қолданбалы шығармашылықты, «Домбыра-party» музыкалық қонақ үйіндегі кездесуді, «Гүлдене бер, Астана» мерейтойлық концертін қамтитын болады. Шара барысында 1 000 астам адам қамтылады деп жоспарлануда.

Іс-шаралар бағдарламасы Достық Үйінің 11 этномәдени бірлестігімен, қаланың өнеркәсіп кәсіпорындарымен, білім беру мекемелерімен  бірлесіп жасалды.

«Шіркін, life» жобасы түрлі халықтарды бір шаңырақ астында біріктіріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойында толеранттылықты қалыптастыруға септігін тигізері хақ.