Қабылдау:8 (7187) 341000 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Кенеден сақ болайық !

Жыл сайын көктемнің келуімен күн жылынып, кенелердің белсенділігінің артатыны белгілі.  Кенелер буынаяқты қансорғыш жәндіктер, адам өміріне өте қауіпті –  Қырым-қанды безгегі, кене энцефалиті, туляремия сияқты т.б. аса қауіпті  жұқпалы ауруларды таратады. Жұқпалы аурулардың қоздырғыштары табиғатта кенелердің ағзасында бола отырып, ұзақ мерзімге дейін сақталады. Кенелердің белсенділігіне ауылшаруашылық, үй жануарлары айтарлықтай әсер етеді, себебі олар ересек кенелердің негізгі асыраушылары болып  саналады. Сонымен қатар жабайы хайуанаттар: қояндар, кірпілер, көптеген тышқан тәріздес кеміргіштердің түрлері және құстар да асыраушылары бола алады. Әсіресе, құстар кенелердің қоректенуінде ғана емес, сонымен қатар тарату жолымен мерзімдік көшулері кезінде таралуында айтарлықтай орын алады.

Кенелер адам мен малдарға ерте көктем және жазда шабуыл жасайды. 

Ауылшаруашылық  малдарын  қырқу  барысында,  кенелерді  үстінен  жинағанда,  далалық  жерлерде  жүргенде  кене  адам  денесінің  ашық  жерлеріне  қадалады.  Олардың үлкен қауіптілігі сонда, олар теріге  байқатпай, яғни ауыртпай жабысады. Сол себепті адам көбінесе денеге жабысып үлгерген кенені келесі күні немесе одан да кейін байқайды. Өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне қарай кене теріге жабысқан соң бірден қан сормайды, сондықтан кенені уақыт өткізбей байқап, алып тастаған жағдайда кенедегі инфекция қоздырғышымен зақымдану қаупі төмендейді. Егер кене денеге қадалып үлгерген болса, онда оны қолмен ажыратудың қажеті жоқ. Оның түсіп қалуы үшін сол жерге өсімдік майын тамызған жөн, немесе спирт, иіс су, лосьон тамызуға да болады. Кенені тұмсығынан жіппен орап алып және маятник тәрізді ырғақты қозғалыспен ақырын денеден шығарып алу керек.  Кене шаққан жерді иодпен өңдеп, қолды сабындап жуу қажет. Кенені сығуға мүлдем болмайды, оны құтыға салып (шыны ыдыс, герметик қорап т.с.с.),  санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына кененің қаншалықты қауіптілігін анықтау үшін көрсетіңіз.

Кене шаққан адамдар тез арада жақын маңдағы медициналық мекемеге барып, 2 апта диспансерлік бақылауда тұруға міндетті.

Ең алдымен, кене шағуының алдын алу үшін  жеке бастың сақтық шараларына үлкен мән беру керектігін  есте ұстау керек. Яғни өз киім-кешегіңіздің дұрыс жинақталуына назар аударыңыз. Шалбардың балағын бәтеңкеге немесе етіктің қонышына салу керек, жейденің жеңі мен жағасы ұзын, кененің еніп кетпеуінен сақтауы тиіс. Киімнің қорғаныштық тиімділігін арттыру мен өңдеуге арналған репеллентті (жасқандыратын) дәрі-дәрмектерді пайдаланған дұрыс.

Осы  қауіпсіздік ережелерін орындай отырып, кенелер арқылы таралатын аса қауіпті жұқпаларды жұқтырудан сақтануыңызға болатынын ұмытпағаныңыз абзал.

Б.Бекпаева- Екібастұз қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы,

З.Абденова- Екібастұз қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маман