Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі туралы

2013 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті  Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына қол қойды.

Осы Заң мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және мынадай негізгі қағидаттарды белгілейді:

көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;

мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;

мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;

мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;
мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;

мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік.

Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көрсетілетін қызметті алушылардың:

мемлекеттік көрсетілетін қызмет туралы толық және анық ақпарат алуға;

мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға;

орталық мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, халыққа қызмет көрсету орталықтарының және (немесе) олардың қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының  заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шағымдануға;

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті қағаз және (немесе) электрондық нысанда алуға;

осы Заңның 15-бабында көзделген тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын жария талқылауларға қатысуға;

мемлекеттік қызметтер көрсету саласында бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқығы бар.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең жағдайда алады.

Көрсетілетін қызметті берушілер:    

мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге;

мүмкіндігі шектеулі адамдардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуы кезінде оларға қажетті жағдайлар жасауға;

көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы қолжетімді нысанда толық және анық ақпарат ұсынуға;

орталық мемлекеттік органдарға, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, өзге де көрсетілетін қызметті берушілерге, халыққа қызмет көрсету орталықтарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, оның ішінде ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы көрсету үшін қажетті құжаттар мен ақпаратты ұсынуға;

мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өткенге дейін бір тәуліктен кешіктірмей халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет нәтижесін халыққа қызмет көрсету орталығына жіберуге;

мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруға;

көрсетілетін қызметті алушылардың шағымдарын Заңда белгіленген мерзімдерде қарауға және оларды қарау нәтижелері туралы хабардар етуге;

көрсетілетін қызметті алушылардың сұрау салуы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтің орындалу сатысы туралы хабардар етуге;

көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды қолдануға;

мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;

мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен енгізуді қамтамасыз етуге;

егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімін алуға міндетті.

Көрсетілетін қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

Ең бастысы – бұл мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар өз бастамасы бойынша және өз есебінен жүргізе алатындығы.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша да жүргізіледі.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жүргізу кезінде жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету саласына жататын қажетті ақпаратты орталық мемлекеттік органдардан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарынан, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінен, осы ақпарат олардың интернет-ресурстарында болмаған жағдайда, сұратуға құқылы.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі нәтижелері бойынша жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар қорытынды жасайды.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингінің қорытындысы:

1) орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы туралы ақпаратты;

2) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі барысында анықталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының сақталмау фактілерін жою жөніндегі ұсынымдарды;

3) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарды;

4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі қорытындысын ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жөнінде шаралар қолданады.

 

Қала әкімі аппараты

мемлекеттік - құқық

бөлімі басшысының

 міндетін атқарушы                                                           Б. Смакова