Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қазақстандағы медиация!

Қазақстанда сот отырыстарының баламалы түрі - медиация көп қолданыла бермейді, бұл азаматтық дауды (дау-шарды) сотсыз және тергеусіз шешу.

Медиация – бұл «тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге және дауды (дау-шарды) шешетін шарт жасасуға қол жеткізуі мақсатында бейтарап тұлға – медиаторды тарту арқылы тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі».

Яғни, дауласушы екі тарап сотқа жүгінгеннің орнына, кәсіби делдалға жүгінеді, ол арызданушыларды тыңдап, проблеманы шешудің оң жолдарын ұсынады.     

Осы дауларды (дау- шарды) баламалы түрде шешу жүйесі көптеген өркениетті елдерде және қазіргі құқықтық инфрақұрылым құруға ұмтылған  мемлекеттерде белсенді дамуда әрі жиі қолданылуда. Медиацияның артықшылығы сот шығындарына қарағанда қаржылық шығынды азайту, уақытты үнемдеу, сондай-ақ оның құпиялығы.    

2011 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті             Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына қол қойды, бұл Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.    

Ең әуелі осы Заңға сәйкес медиатор дегеніміз не, соған тоқталсақ: 

медиатор – осы Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға.

        

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

Көрсетілген қатынастардан туындайтын даулар (дау-шарлар), егер медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаған немесе қозғауы мүмкін болған жағдайда, мұндай дауларға (дау-шарларға) медиация рәсімі қолданылмайды.

Сондай-ақ, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға); сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

Дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету медиацияның мақсаттары болып табылады.

Медиация еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы,
медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық  қағидаттары негізінде жүргізіледі.

 

Заңда медиаторлардың және медиацияны жүргізуді қамтамасыз ететін ұйымдардың құқықтық жағдайы көзделген.     

Медиаторлар ұйымдары – медиаторлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін медиацияны дамыту жөніндегі ортақ мақсаттарға қол жеткізуі үшін олардың ерікті негізде бірігуі үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымдар.

Медиаторларға қойылатын талаптар нақты реттелген. Бұл - тәуелсіздігі, бейтараптылығы, жеке тұлға ісінің нәтижесіне мүдделі еместігі.  

Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін.

Қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады. Жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін жүзеге асыра алады.

          Сонымен қатар, мыналар:

          мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген;
       заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

          оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын;

          заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.     

Сондай-ақ, Заңмен медиатордың және медиация тараптарының құқықтары мен міндеттері регламенттеледі. 

Медиаторлар ұйымдары өз қызметін үйлестіру, медиаторлардың кәсіби қызметінің стандарттарын (қағидаларын), медиацияны жүргізу тәртібін (регламентін), медиация тараптарының медиаторларға сыйақы төлеу тәртібін әзірлеу және біріздендіру мақсатында қауымдастыққа (одаққа) бірігуге құқылы.

Әрбір медиаторлар ұйымы Қазақстан Республикасының аумағында медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой медиаторларының өзінің тізілімін жүргізеді. Тізілімін жүргізу Заңның 14- бабымен регламенттелген. 

Өз қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлармен қатар медиацияны жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) осындай мақсатта сайлайтын жергілікті қоғамдастықтың өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар мүшелері жүргізе алады.

Уәкілетті орган - қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімі Қазақстан Республикасының аумағында кәсіби емес негізде медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімін жүргізеді.

Медиация:

тараптар дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімге қол қойған жағдайда – мұндай келісімге қол қойылған күннен бастап;

медиатор дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайларды анықтаған жағдайда;

тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешудің мүмкін еместігіне байланысты медиациядан жазбаша бас тартқан жағдайда – тараптар жазбаша бас тартуға қол қойған күннен бастап;

тараптардың біреуі медиацияны жалғастырудан жазбаша бас тартқан жағдайда – медиатор жазбаша бас тартуды жіберген күннен бастап;

медиацияны жүргізу мерзімі аяқталған жағдайда – осы Заңның 23 және 24-баптарының ережелерін ескере отырып, ол аяқталған күннен бастап тоқтатылады.

Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім – тараптардың медиация нәтижесінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімі. Заңда келісім жасаудың құқықтық негіздері регламенттелген.  

 

 

 

Екібастұз қаласы әкімі

аппараты мемлекеттік – құқық

бөлімінің бас маманы                                                  М. Сатвалдинова