Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Гүлсім Амангелдіқызы Оспанова: сұрақ

Сәлеметсіз бе, құрметті Қайрат Теміршотұлы Нүкенов!
Мен - Екібастұз қаласының тұрғынымын. Үш балалы анамын. Қазіргі кезде жұмыссызбын. Жолдасым жалғыз жұмыс істейді. Пәтерді 40000 теңгеге жалдап тұрамыз. Осыдан 8 жыл бұрын, 2009 жылы мамыр айында мемлекет тарапынан берілетін тұрғынүй алушысы болып өтініш беріп, тізімге еңгізілген едім. Жыл сайын қажетті құжаттарды жаңартудамын. Тізімді де қарап тұрамын. Өкінішке орай біздің қаламызда кезекте тұрғандарға арналған үйлер өте аз салынуда. Тіпті 2013-2014 жылдары кезегіміз 29 адамға жылжып, 2014 жылдан 2017 жыл аралығында 34 адамға жылжыды. Міне кезекте тұрғанымызға 8 жыл болды. Осы 8 жылда менің кезегім жылжығаны шамалы.
Биылғы жылы тек бір ғана үй берілетінін білдім. Ойлап қарасам, биылғы кезекте орташа есеппен 25-30 адамға жылжыса, менің кезегім жеткенінше әлі де талай жыл қажет екен. Егер болашақта да біздің қаламызда салынған үйлер аз болса, мен сияқты азаматтар тиесілі тұрғын үйлерін әлі де 10-15 жыл тосуы керек болғаны ма? Ешбір қалада кезекте 20 жыл тұрып үй алыпты дегенді естімеппін. Осы сұрағыммен ОЖКХ бөліміне талай рет бардым,олжердегілер ашып ештеңе айтпайды. Нақты деректерімізжоқ деп шығарып салады. Әрине, мен сияқты қиын жағдайда жүрген отбасылар өте көп. Дегенмен менің отбасымның жағдайы қазіргі таңда тіпті қиындап жатыр.
Сізге қояр сауалым: Тізімде тұрған біздерге арналған үйлер қашан салынады? .кезегіміз қашан жетеді?
Түсіністік танытарсыз деген оймен хатымды аяқтаймын. Сау болыңыз! 

Құрметті Гүлсім Амангелдіқызы! Екібастұз қаласы әкімінің ресми сайтына, пәтер мәселесіне қатысты Сіздің өтінішке, келесіні хабарлаймын.

Сіз 2009 жылдан бері 5 адам отбасы құрамымен, 302 нөмірде, «бюджеттік ұйым қызметкері» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар есебінде тұрсыз.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмде белгiленген кезек ретiмен берiледi.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді алуға осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын, сондай-ақ жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоспағанда, ешкімнің де басым құқығы болмайды.

Осыған байланысты Екібастұз қаласының мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй Сізге қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезегіңіз келгенде берілетін болады.

Уақытша тұрғын үй ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылмаған.

Ағымдағы жылғы шілдеде «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында (21 шағынаудан) Энергетиков көшесіндегі 80 пәтерден тұратын 5 қабатты тұрғын үйді тапсыруды жоспарлап отыр, оның 40 пәтері ЖАО кезегіндегілер үшін көзделген. Бір шаршы метрдің құны 115 000 теңгені құрайды.

Соған байланысты, Сіз Строительная көшесі, 82 орналасқан «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ филиалына жүгіне аласыз, байланыс телефондары: 76-04-03, 76-04-13, банктің ішкі сайты www.hcsdk.kz.

2017 жылдың аяғында Энергетиков көшесіндегі Мәскеу көшесінің бұрышы, 9 қабатты, 72 пәтерлі жалға алу тұрғын үйді ЖАО кезегіндегілерге сатып алу құқығынсыз беру жоспарлануда.