Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Абылай Мырзахметов: «Шағын және орта бизнес үшін қолайлы жағдай экономикалық дамуды қамтамасыз етеді»

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы ел экономикасын жақсартуға арналған негізгі бағыттарды атады

Ұлттық палатаның IV Съезі барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Қазақстан экономикасын жақсартуға арналған бірнеше бағыттарды атап көрсетті.

«Мемлекет басшысы үшінші жаңғыру бойынша тапсырма берді. Жұмыс сапарымыз барысында кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама арқылы салалық кәсіпкерлердің пікірін тыңдадық және бизнес-ортаны жақсарту мен осы мақсатқа жетуге арналған 5 бағытты анықтадық. Оның қатарында бірінші –макроэкономикалық тұрақтылық, екінші – экономикада мемлекеттің үлесін азайту, үшінші – мемлекеттік қолдаудың көлденең шараларына кезең-кезеңімен өту, төртінші – бизнеске бағдарланған реттеу және бесінші – кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру», – деп талдады Абылай Мырзахметов.

Басқарма Төрағасы ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес көрсеткіштері туралы баяндады.

«Алдын ала мәліметке сүйенсек, 2016 жылы шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 23%-ға дейін төмендеген (2015 жылы – 25%). Бұл көрсеткіш бойынша шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін есептеу әдіснамасы бойынша мәселе қалыс қалғанын атап өту қажет. Қазіргі таңда статистика үшін бір ғана көрсеткіш қолданады – жұмысшылар саны (250 адамға дейін)», – деп бастады Абылай Мырзахметов.

Осылайша, шағын және орта бизнестің қатарына квазимемлекеттік сектор субъектілері, жекелеген ірі шикізаттық компаниялар енгізіледі.

«2015 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шағын және орта бизнестің өнім шығаруы 6%-ға төмендеген, ал жұмыс істеп тұрған субъектілер 4,5%-ға қысқарған (шамамен 56 мың субъект). Бұл статистика шағын және орта бизнестің қиын жағдайда екенін көрсетеді», – деп есептейді Абылай Мырзахметов.

Спикер тұрақты ұзақмерзімді экономикалық өсімге жету үшін бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мән берілуі керек екеніне назар аударды.

«Сонымен қатар, 2017 жылы іскерлік белсенділіктің артқаны байқалады, 1-тоқсан бойынша ЖІӨ өсімі 3,5% көрсеткішіне жеткен. Мұндай жақсы көрсеткіштің негізгі драйвері шикізат секторы мен ірі кәсіпорындары болғанын түсінеміз. Ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсуді іске асыру үшін шағын және орта бизнеске барынша қолайлы жағдай жасалуы қажет», – деді ҰКП Басқарма Төрағасы.    

Абылай Мырзахметов қаржыландыруға қол жеткізу күрделі екенін атап өтті.   

«Бизнес үшін өзекті мәселе – қаржы көздеріне қол жеткізу. ҚР Ұлттық банкі біртіндеп сыйақы мөлшерін (қазір шамамен 11%) азайтып отырғанына қарамастан несиелер арзандаған жоқ. Инфляцияға бағытталған күрес ретінде Үкімет жүргізіп отырған тарифтік саясатты айтуға болады. Ұлттық банк инфляцияға ғана емес сонымен қатар экономика өсуіне де жауап беруі тиіс, осылайша Үкіметке қолдау көрсетіледі. Осыған орай несиелердің қолжетімділігін арттыру мақсатында сыйақының базалық мөлшерін ары қарай төмендету қажет», - деп ұсыныс берді Басқарма Төрағасы. 

Съезд барысында Абылай Мырзахметов көтерген тағы бір негізгі мәселе – салық саясаты. 

«Жасалып жатқан салық реформасында Елбасы тапсырмасына сәйкес салық ауыртпалығын арттырмау қажет. Бүгінде салық саясаты фискальды функцияны орындауға бағытталған. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттерін орындау қажеттігін жақсы түсінеміз, бұл үшін бюджетке құйылатын тұрақты кірістер қажет. Осы ретте салық саясаты іскерлік белсенділікті арттыруға екпін беруін, басымдықтар арқылы салалық ынталандыруды талқылауға салу қажет», – деді спикер.

Басқарма Төрағасы мемлекеттік қолдаудың «көлденең» шараларына кезең-кезеңімен өту мәселесіне тоқталды.

 «Қаржыландыруға қол жеткізудің жүйелі мәселелері, бірқатар салалардағы жоғары шығындар салдарынан мемлекет бизнесті субсидиялауға мәжбүр. 2016 жылы мемлекеттік қазынадан субсидиялауға 400 млрд-тан астам теңге бөлінді. Бәрімізге белгілі бизнеске көзделген субсидиялар «Бизнестің жол картасы–2020» және АӨК субсидиялары арқылы беріледі. Ал мұндай шаралардың қамту көрсеткіші үлкен емес екенін білеміз және осындай қолдауды 1,2 млн субъектіден тұратын шағын және орта бизнес өкілдерінің барлығы пайдаланып отырған жоқ», – деді Абылай Мырзахметов.  

Спикердің айтуынша кәсіпкерлерге «көлденең» шаралар маңызды. Атап айтқанда салықтық ауырпалықтың төмендігі; қолжетімді несиелер; сапалы инфрақұрылым; сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігі, жетекші білім мен технологияларға қолжетімділік кәсіпкерлерге қажет.

ҰКП Басқарма Төрағасы қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдаудың қолданысын арттыруға мүмкін екенін алға тартты. Ол үшін бюджеттік қаржыны белгілі бір бағыттар бойынша қайта бөлу қажет. Мәселен, БЖК аясында бір нысанға инфрақұрылым салу сынды жұмыс он шақты кәсіпорынды субсидиялау мүмкіндігін шектейді.

Нысанды қолдауды басымдыққа ие салалардағы  бәсекелікке қабілеттілік  бағдарламалар шараларына бағыттау қажет. Ал сол компаниялардан технологиялық жаңғыру бойынша талаптар сұралу керек.