Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Құтырманың алдын алу

Құтырма –орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен жүзеге асатын соңы өлімге әкеліп соғатын аса қауіпті ауру болып саналады.

Адамдар арасында құтырма аурушаңдылығын көбінесе үй жануарлары таратады. Аса ерекше қауіпті қаңғырған иесіз иттер, мысықтар және жабайы жануарлар тудырады.

Құтырма вирусы сырқаттанған жануардың сілекейі арқылы мол көлемде бөлінеді, осылайша ауруды жануардың тістеуі арқылы және сілекейдің жараларға, терінің ашық тырналған жерлеріне тиген кезде жұқтыруға болады. Вирустар жарадан жұлынға, бас миына енеді де, сонда көбейеді. Ағзаға вирустың кіруінен бастап және ауырғанға дейін 3 тәуліктен бастап 1 жылдан аса уақыт өту мүмкін.

Жануарларда құтырманың мынадай белгілері болады: сілекейі ағады, құтырған, елеуреген жағдайда болады, кейде жануар керісінше, тыныш, аңқау, қолға тез келеді.

Жануар тістеген жағдайда не істеу қажет?

Бірінші кезекте тістеген жерді сабындап, сумен жақсылап жуу қажет және содан соң дәрігерге медициналық көмекке жүгіну қажет, егер тістеген жануар белгілі болған жағдайда,жануар иесінің аты-жөнін, мекенжайын біліп алу керек. Жануарды бірден өлтіріп тастамаған дұрыс, өйткені ол құтырма ауруын анықтау үшін 10 күн бойы ветеринарлық дәрігермен бақылану қажет.

Антирабиялық екпелер құтырма ауруын болдырмаудың бірден бір құралы болып саналады. Егер құтырған жануардың тістеуінен зардап шеккен  адамға уақтылы антирабиялық көмек көрсетілмесе, онда оған кейін көмектесу мүмкін емес. Құтырмаға қарсы екпелер жануарлар арасында алдын алу іс-шаралары болып саналады. Жануарлардың тістеу себептеріне көбінесе оларды асырау мен сыртқа шығару мерзімдерінің бұзылуы жатады.

 

Дәрігермен тағайындалған екпелерді толық көлемде және үзбей орындаған жөн.

Есте сақтаңыздар, әр өткізіп алған күніңіз - денсаулығыңызға қауіпті! 

Екібастұз қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімі