Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Жеке кәсіп ашудың жаңа мүмкіндігі

Өз кәсібіңді қалай ашу керек? Негізгі білімді қайдан алу керек? Немен айналысу керек? Осы және өзге де сауалдардың жауабын «Bastau Бизнес» оқыту курсы береді.
«Bastau Бизнес» жобасының талаптарын түсіндіре отырып, Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы Қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Әнел Жампейісова: «Сіз үшін есік қашан ашылатынын күтіп отырудың қажеті жоқ, одан да оны өзіңіз бастаңыз. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың кәсіпкерлік әлеуетін ашу», – деп түсіндірді.
Әнел Жампейісованың айтуынша, Өңірлік палатада «Bastau Бизнес» жобасы бойынша білім алғысы келген азаматтардан өтініш қабылдау басталды. Оқу курсы Баянауыл, Ертіс, Качир, Павлодар, Шарбақты аудандарында 1 сәуірде басталады. Жобаға кәсіпкерлік әлеуеті бар жұмыссыз азаматтармен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатыса алады.
Бір ай бойы тәжірибелі бизнес-тренерлер кәсіпкерлік машыққа, ауылшаруашылығы кооперативтерін құру принциптерін үйретеді. Сонымен қатар, қаржылай емес қолдау шаралары туралы, салық салу режимі, қолданыстағы заңнамалар, бизнес жүргізуге қажетті идеялар туралы толымды ақпарат береді. Оқу процесінде міндетті түрде жекелей кеңес беру, қаржыландыруды алу мақсатында көпшілік алдында сөйлеуге дағдыландыру тренингтері өткізіледі. Жоба аясында ауыл тұрғындары үшін тегін білім ғана емес, сонымен қатар қатысушыларға стипендия беру қарастырылған.
Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі өздерінің материалдық әл-ауқатын кәсіпкерліктен табуды қалайтындықтары жасырын емес. «Біздің басты мақсатымыз – халықтың кәсіпкерлікке деген ынтасын оятып, өз қабілетін ашуға жәрдемдесу. Елбасы Жолдауында басым бағыттардың бірі бизнес-ортаны өзгерту мен жақсарту туралы тапсырма берілген. Осы мақсатта Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Bastau Бизнес» жобасы қолға алынды. Бұл жоба аАуыл жұртшылығының экономикалық белсенділігін арттырып, кәсіпкерлік икемін дамытуға арналады», – деді Әнел Жампейісова.