Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Жекешелендіру бизнеске жаңа мүмкіндіктерді ашады

Мемлекеттің меншігіндегі кәсіпорындардың жеке меншікке өткізілуі олардың бәсекелестік қабілеттілігін арттырады

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жекешелендіру мәселесін қарқынды жүргізуді, жеке меншік сектордың үлесін арттыруды тапсырды. 2020 жылға дейін жекешелендірілетін кәсіпорындарды тізбесі дайындалған. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Астана кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында жекешелендіру мәселесі Кәсіпкерлер палатасы үшін маңызды екенін атап өтті. «Бүгінге дейін бизнеске ұтымды емес активтер шығарылған. Коммуналдық мекемелердің бизнеске қажеттілері әкімдік балансынан шығарылуы керек. Мемлекеттің үлесінде қалуға тиісті 15% нысандарды анықтауымыз қажет. Өңірлік палаталарға әкімдік балансында бар коммуналдық мекемелерді анықтап, бизнеске ұтымдыларын тізімдеу тапсырылған. Сонымен қатар Үкіметпен де компаниялар тізімін дайындауды ұсындық», – деп нақтылады «Атамекен» басшысы.

Жекешелендіруде бизнес мүддесін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Тексеру қорытындысы бойынша 105 мекемені бәсекелестік ортаға беру, 380 мекемені қайта құру, 243 мекемені тарату туралы шешім шығарылған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 100 млрд-қа жуық теңге сомасындағы 400-ден астам мекеме жекешелендірілген. Алайда, заңнамалық өзгерістер мен ауқымды жұмыстарға қарамастан мемлекет меншігінен алу бойынша айтарлықтай өзгерістер орын алмаған. Халықаралық институттардың бағалауы бойынша квазимемлекеттік сектор активтерінің мөлшері ЖІӨ 50% асады. Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асырудан мемлекеттің үлесі ЖІӨ 0,3% азайған. Астана қаласы бойынша 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына 39 нысан енгізілген, оның ішінде 31 нысанды – Астана қаласы әкімдігі, ал 8 нысанды «Astana» ӘКК» ҰК ұсынған. 2016 жылы 3,5 млрд теңге сомасында 6 нысан жекешелендірілді.

Нысанды жекешелендіру инвестиция тартуға, бизнестің қосымша бағыттарын қосуға мүмкіндік береді. Мысалы 2013 жылы «Астана» оқу-клиникалық орталығы жекешелендірілген. Бұл мекеменің 51% үлесі 2015 жылы келешекте сатып алу мүмкіндігімен бәсекелестік ортаға берілген. Жеке меншік серіктес материалдық-техникалық базаны модернизациялап, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етті. Нәтижесінде, соңғы 4 жылда кәсіпорынның жылдық табысы 37%-ға артқан, ал қызметкерлер саны 3,5 есеге өсіп, әр өңірде 16 бөлімшесі ашылған.

Мемлекеттік маңызы бар шаруаларды бизнес ортаға беру нығайып келеді

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі ішкі экономиканы дамыту бойынша жаңа тетікке айналды. Өңірлер бұл серіктестіктің мүмкіндігін әлі толық деңгейде пайдалана қоймаса да, еліміздің басты қалаларында қарқынды қолданыста. Мәселен, Астана әкімдігінің мәлімдеуінше елордадағы балабақшалар, бейнебақылау нысандары, қар тазалау қызметі мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке берілмек. МЖС арқылы астаналық бизнес-орта нығая түспек.

Астана қаласы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасын жүзеге асыруда 31,5 млрд теңге тұратын 13 жобаның тізімі жасалып, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы сараптамалық қорытындысын шығарды.

Денсаулық сақтау, мектепке дейінгі білім беру, қоғамдық жерлерді көркейту салаларын дамытуда мемлекет-жекеменшік серіктестіктің маңызы зор. Елбасы Жолдауында «Жекеменшік капитал тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет» делінген болатын.

Мемлекеттің өзі атқарған іске қарағанда шаруаны бизнес тұрғысынан қарай алатын іскер ортаның жемісі мол. Бәсекелестік орта әр тиынның есебін біледі. Мәселен, Жолдауда өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашқан деп нақты мысалдар келтірілген. Өз алдына бизнес-орта мемлекеттің қолдауынсыз ірі жобаларға тісі батпайды. Сондықтан мемлекет пен жеке меншік тараптардың бірлесіп жұмыс істеуі екі жаққа да тиімді.

«Атамекен» ҰКП мемлекет меншігінен бөлуді қарқынды жүргізу үшін тұжырымды өзгеріс қажет деп есептеп, нақты өлшемдерден тұртаын бірыңғай секторлық әдістемені анықтауды, yellow pages қағидасы негізінде мемлекеттің қатысуы қажет емес экономика секторларын анықтап, мемлекеттік мекемелердің қызмет түрлерін қайта қарап, қысқарту жүргізуді ұсынып отыр. Сонымен қатар, сенімді басқару үшін басымдық беруге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы процедураларды оңайлату шақырады.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін жетілдіру үшін «Атамекен» ҰКП орталық аппараты мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары 2016 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының Тұжырымдамаларына 60-тан аса сараптама қорытындысы дайындалды. Сонымен қатар МЖС процедураларын оңайлату бойынша ҰКП 10 жүйелі ұсынысының 8-і ескерілді. ҰКП орталық аппараты мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары Жекеменшік әріптестікті анықтау байқауына комиссиясының отырысында қатысып келеді. Денсаулық сақтау саласында МЖС енгізу және дамыту бойынша жұмыс тобы құрылып, МЖС саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерту енгізуге қатысты ұсыныстар жасалды.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік саласындағы сараптамадан өтуі мерзімі азайтылды. Тұжырымдаманы келісу мерзімі 75 күннен 30-күнге дейін азайтылса, құжаттарды мақұлдату мерзімі 70 күннен 35 күнге дейін қысқарды. Бұл тұжырымдама сараптамасынан келісімшарт жасауға дейінгі мерзімді 4-6 айға қысқартуға мүмкіншілік береді. Себебі қазіргі таңда бұл процесс бір жылдан астам уақытты алады.

Сонымен қатар МЖС жобасын басқару сапасын келісу және қамтамасыз ету процесін жеделдету мақсатында «Атамекен» ҰКП қатысуымен ведомствоаралық жобалық топ құру туралы норматив қабылданды. Сараптама жүргізу мен құжаттарды келісу бір уақытта қатар жүргізуге жол беріледі. МЖС жоба тұжырымдамасын түзеу және оны сараптамаға қайта кіргізу мерзімі 1 реттен аспау керек деп шектеу қойылды және түрлі процедуралар мен құжаттар жойылды. Сондай-ақ, МЖӘ жобаларын келісу рәсімін барынша қысқарту жұмысын жалғастыру, МЖӘ жобаларын қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасын енгізу бойынша ҰКП алаңында жұмыстар жүргізіліп жатыр.