Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Тимур Құлыбаев: «Атамекен» үшін бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғаудың маңызы қашан да зор

Кәсіпкерлікті қорғау бойынша сүбелі жұмыс жүргізілді

Экономикада ілгерілетуші, жеделдетуші күш – кәсіпкерлік. Нарықтық экономикаға өту өндіріс пен кәсіпкерліктің еркіндігіне жол ашты. Жеке бизнесті жүргізуге мүмкіндік берілгенімен, оны реттеу, бақылау, қорғау, қолдау жұмыстары әрдайым қажет. Нарықтық экономикада кәсіпкерлік бәсекелестік ортаны құру маңызды әрі халықты жұмыспен қамтуда, жалпы ішкі өнімді арттыруда рөлі өте зор.

Жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркеліп, заң аясында жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, мемлекеттік бюджетке түсім жасай алады. Қазақстан Республикасы Конституциясында әрбір адам кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы екені көрсетілген. Монополистік қызмет заңмен реттеледі әрі шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады. Сонымен қатар елдегі бизнес «Кәсіпкерлік кодексімен», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекспен және басқа да заңдармен бақыланады, реттеледі. Ал, Қазақстан Республикасы «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына сәйкес, кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, қамтамасыз ету бағытында «Атамекен» ҰКП жұмыс істейді.

Кедергілерді азайту – бизнеске жол ашады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында бизнес-ортаны түбегейлі жақсартуға және кеңейтуге басымдық беріп, 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі кемінде 50% болу керектігін тапсырды. Экономикадағы кәсіпкерліктің үлесі азаматтардың өздеріне жұмыс істеуге құлшынысы мен қаржылық сауаты артқанда, жеке бизнеспен айналысуға жағдай жасалып, құқықтары қорғалып, қандай да бір қиындықтарды оңды шешкенде артатыны белгілі.

Астанада өткен Кәсіпкерлердің жыл сайынғы конференциясында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Кәсіпкерлер палатасының 2017 жылға арналған жұмыс жоспарында бизнесті қорғауға басты назар аударылатынын жеткізіп, бизнестің мүддесі мен құқығын қорғауда Бас прокуратурамен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекемелермен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізілетінін баса назар аударды. Сонымен қатар, «Атамекен» басшысы бүгінде Қазақстанда 61 бақылау-қадағалау мекемелері мен 28 мың талап бар екенін, оларды азайту керектігін алға тартты.

«Атамекен» кәсіпкерлер құқығын қорғауға ерекше назар аударып, бизнесті қорғау бойынша шағымдарды сараптап, мәселенің ақ-қарасын ажыратуға ерекше ден қойып келеді. 2013 жылдан бастап кәсіпкерлер тарапынан 17 236 өтінім түскен. Оның ішінде 2014 жылы – 4 573 шағым, 2015 жылы 5 314 арыз-шағым қабылданса, 2016 жылы жолданған арыз-шағымдардың 7 225-і бизнесті қорғауға бағытталған. 2015 жылмен салыстырған 36%-ға артқан.

2016 жылы келіп түскен арыз-шағымдардың ішінде 14% салық салу мәселесіне арналса, сатып алу бойынша 13% құраған, тиісінше, жер мәселесі – 12%, кәсіпкерлер арасындағы азаматтық-құқықтық дау – 10%, ал 6% сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бойынша түскен шағымдар, агроөндірістік кешен – 5%.

Келіп түскен өтінімдер санының жыл сайын артуы – кәсіпкерлікпен айналысуда бірқатар түйткілді мәселелердің бар екенін әрі бизнес-өкілдердің «Атамекен» ҰКП сенімі қалыптасқандығын көрсетеді.

Кәсіби мамандар мәселенің түйінін тарқатып, залал келтіруші мен заң бұзушы тараптарды анықтауға, кәсіпкерлердің орынсыз зардап шегуіне жол бермеуге әрдайым құлшыныс танытып келеді. Тек қана бизнесті қорғау бойынша түскен арыз-шағымдар жеке-дара қаралып, заңсыз салынған айыппұлдар мен өсімпұлдарды жою, мемлекеттік органдардан қаржы қайтару, бизнес мүлкін сақтап қалу секілді бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді.

«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің мәліметіне сүйенсек, Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қорғау жөніндегі арыз-шағымдардың орташа алғанда 42% оң нәтижемен шешіледі. Сонымен қатар, 51,7 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің мүліктік құқығын қорғалған. Тарқатып айтар болсақ, 2014 жылы 8,4 млрд теңге қорғалса, 2015 жылы 14,4 млрд теңгеге артқан, ал 2016 жылы 28,9 млрд теңге кәсіпкерлер пайдасына шешілген.

Қорғау мен қолдау – табысты кәсіп негізі

«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлік саланы жетілдіру үшін әкімшілік кедергілерді жою, заңнамалық актілерге тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу ісін де қолға алған. 2016 жылдың 11 айында 2 304 нормативтік-құқықтық актіге сараптама жасалған. Оның ішінде заңнамаларға 40 концепция, 86 заң жобаларына, 2 181 Үкіметтің қаулысы мен мемлекеттік органдардың бұйрығына сараптама жүргізілді. Соның ішінде мемлекеттік органдар Кәсіпкерлер палатасы ұсыныстарының 86%-ын, яғни 1 379 НҚА жобасына ескерді.

Елбасының жаһандық жаңғыртуға бағытталған биылғы Жолдауында кәсіпкерлер мүддесін қорғау бойынша бірнеше тапсырмалар берілген. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын жақсарту бойынша үлкен жұмыс атқарды. 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап өткізілген 92 отырыста «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 75 ұсынысы қолдау тапты. Заң жобасында ескерту институтын кеңейту, бизнес үшін айыппұл сомаларын азайту (орташа алғанда 30%-ға), жазаны жеңілдететін мән-жай анықталған жағдайда заңды тұлғалар үшін жалпы сомадан әкімшілік айыппұлдардың көлемін 30%-ға дейін қысқарту мүмкіндіктері қарастырылған.

Ал, бизнес үшін қарастырылатын айыппұлдарды енді 50% жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік бар. Демек, әкімшілік құқық бұзышылық үшін тағайындалған айыппұлды дереу төлеген адамға 50% жеңілдік жасалады. Жақын арада жұмыс тобымен айыппұлды жеңілдікпен төлеу мерзімдері белгіленетін болады. Яғни кәсіпкерге 300 АЕК көлемінде айыппұл белгіленсе, оны уақытында төлеу арқылы 150 АЕК-ке тең сома қалтада қалады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қылмыстық және әкімшілік заңнамаларды ізгілендіру жолындағы жұмыс істеп келеді. 2015 жылы жүргізілген сараптама экономикалық қызмет саласындағы өндірісте орын алған 8857 қылмыстық істің 1914 ғана, яғни 22% сотқа жолданғаны анықталған, ал 2014 жыы осындай 5186 істің 1891 ғана (36%) сотқа берілген. Осылайша, оқиғалардың 80%-ында кәсіпкерлер негізсіз қылмыстық қуғындауда болған. Сондықтан да түрлі тергеу істерінің салдарынан олардың қызметі тоқтап тұрған.

Кәсіпкерлер палатасы ҚР Бас прокуратурамен бірлесе отырып «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратора қадағалауы» жол картасы жасалды. Осының негізінде нормативтік-құқықтық актілерді тексеру және мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау қызметін азайту бойынша жұмыс басталып кетті.

Нормативтік-құқықтық актілер мен тексеру парағындағы талаптардың көптігіне сүйене отырып, «Атамекен» 2017 жылы бірнеше салаларға тексеру жүргізуді ұысынып отыр. Атап айтқанда тексеру парағында 10 мыңнан астам талаптар анықталған өнеркәсіп саласы, 3 мыңнан аса құрылыс нормалары мен ережелерін тексеру қажет ететін сәулет, құрылыс және қала құрылысы саласы, сонымен қатар, 80-нен астам техникалық регламент, оның ішінде Кедендік одақтық техникалық регламентін қоса есептеген техникалық реттеу саласы бар.

Шағын және орта бизнес дамуымен ел экономикасын арттыруға сүбелі үлес қосылады. Ал кәсіпкерлердің мүддесін қорғау – «Атамекеннің» басты нысанында. Алдағы жылы да бизнесті жан-жақты қорғау бойынша жүйелі жұмыс жалғасын табатыны хақ.