Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Төтенше жағдайлар басқармасы ескертеді! Су –тілсіз жау, абай болыңыз !

Су –тілсіз жау, абай болыңыз !

      Жаздың ең ыстық шілде айында  барлығымызда суға шомылғанды, ыстық құмда жатқанды, күнге күйгенді, суда жүзгенді, малтығанды ұнатамыз. Бұл нағыз тамаша кезең!

     Бірақ әр адам суда шомылғанда қауіпсіздік шараларын, оның заңдылықтарын сақтамаса суда шомылу өте қауіпті екенін ұмытпауы керек.

     Қайғылы жағдайға ұшырамас үшін суда шомылудың ережелерін білу керек және оны бұзбауға тырысу керек.

     Арнайы жабдықталған су жағажайларында шомылған жөн. Жүзу  білмейтіндер суға белден жоғары түспеуі керек.

     Суда 10-15 минуттан көп болмаған жөн. Шомылып шыққаннан соң денені құрғатып сүрту керек.

     Жасанды (үрленген автокөлік камерасы) су құралдарымен  суда жүзуге болмайды, өйткені желмен немесе су ағысымен жағадан алшақ кетуі мүмкін, ал су толқындарымен аударылып немесе тұншығып қалу қаупі бар.

     Суда жүзу білмейтіндерді аяқтан тартып, батырып, терең жерге апарып ойнау өте қауіпті.

      Кейбір адамдар суда шомылғанда батып бара жатқан адам сияқты өтірік көмекке шақырады, ондай ойындар құтқарушылардың жұмыстарына кедергі келтіреді.

      Суда кішкентай балаларды қалдыруға болмайды. Олар төніп тұрған қауіпті аңғармайды. Аяқтары тайып жығылуы, суға батуы, тұншығулары мүмкін. Олардың қауіпсіздігіне жауапты екендеріңізді ұмытпаңыздар.

      Арнайы белгі тұрған жерден асып жүзуге, жағадан алыстап жүзуге немесе су қоймаларында бәсекелесе жүзуге болмайды.

     Суға секіргенде абай болыңыздар. Былтыр жүзген жерлеріңіздің өзін қайтадан тексерген жөн, өйткені бір жылдың ішінде ол жерге қоқыс жиналуы  немесе суы азайуы мүмкін.

    Суда барлық қауіпсіздікті сақтауды қарастыра алмайсың, сондықтан да суда есте сақтайтын ең басты ереже ол – абай болу.

                                                                                                            

М.Хамитова,

ТЖ басқармасы АҚ және ТЖ

бөлімінің бас маманы