Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Заңына сәйкес       қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардыѕ iшкi iстер органдарына ерiктi түрде жәрдемдесуi арқылы жүзеге асырылады. 

         Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар өз қызметiн заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу мен сақтау принциптерi негiзiнде жүзеге асырады.

         Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтардың:        

бақылау және қадағалау функцияларына байланысты емес, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларда iшкi iстер органдарына жәрдемдесуге; 

қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;

құқық бұзушылықтың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер аталған мақсаттарға өзге тәсiлдермен қол жеткiзу мүмкiн болмаса, дене күшiн және басқа құралдарды қолдануға құқығы бар. Бұл орайда ол үшiн қажеттi шаралар шегiнен шығуға жол берiлмеуге тиiс. Әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi айқын адамдарға, жасы белгiлi немесе анық көрiнiп тұрған кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қаруланып не топтасып шабуыл (зорлық-зомбылық) жасаған жағдайларды қоспағанда, дене күшiн және басқа құралдарды қолдануға тыйым салынады;

заңдарда   көзделген жағдайларда қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстауға және құқық қорғау немесе өзге мемлекеттiк билiк органдарына алып келуге құқығы бар. Қажет болған жағдайда, ұсталған адамда қару немесе өзге де қауiптi заттар не қылмыстық iс үшiн мәндi нәрселер бар деп ұйғаруға негiздер болған кезде, ұсталған адамның киiмiн тексеруге және аталған органдарға тапсыру үшiн оларды алып қоюға;

құқыққа қарсы қол сұғушылықтан, жол-көлiк оқиғаларынан, дүлей зілзалалардан және өзге төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға медициналық және өзге де көмек көрсетуге қатысуға;

құқық бұзушылық, маскүнемдiк, нашақорлық және уытқұмарлық профилактикасы жөнiнде түсiндiру және құқықтық жұмысты жүзеге асыруға;

азаматтардан қоғамдық тәртiптi сақтауды талап етуге құқығы бар.

Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар: 
          азаматтардың  конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға; 

iшкi iстер органдарын өздерiне мәлiм болған дайындалып жатқан не жасалған қылмыс фактiлерi туралы дереу хабардар етуге; 

заңдарда көзделген жағдайларда азаматтардың талап етуi бойынша өзiнiң қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуының заңдылығын растайтын куәлiгiн көрсетуге;

қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн ұсталған азаматтарға мәжбүрлеу шараларын оларға қолданудың негiздерiн түсiндiруге;

қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға қатысуы алдында құқықтық дайындықтан өтуге мiндеттi.     

Екібастұз қаласында құқық қорғау бағытында 70-тен астам қоғамдық құрылым, оның ішінде: ауылдық округ, кенттер мен ауылдар аумағында «Сақшы», «Сарбаздар», студенттік отрядтар, ерікті халық жасақшылары құрылған. Қоғамдық құрылымдардың қызметіне 500 – ден аса адам қатысады, тағы 447 азамат Екібастұз қаласының ішкі істер басқармасына тиісті өтініш берді.

«Богатырь Көмір» ЖШС, «Екібастұз МАЭС-2 стансасы» АҚ, «Промсервис Отан» ЖШС, «ЕЭК АҚ Восточный кеніші» АҚ сияқты кәсіпорындардың басшылары мен жұмыскерлері де қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуға ниет білдіргенін айта кеткен жөн.

 Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуға ниет бiлдiрген азамат iшкi iстер басқармасына өтiнiш бередi, оған Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлiгiнiң не паспортының көшiрмесiн қоса бередi. Азамат көрсетiлген құжаттарға өмiрi мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлiгiнiң көшiрмесiн қоса беруге құқылы. Азаматты наркологиялық, психоневрологиялық және өзге де есепке алу бойынша тексергеннен кейін, Қазақстан Республикасының  заңдарында белгiленген тәртiппен оны тіркеу жүзеге асырылады.

Кәмелетке толмаған азаматтардың және өздерiне қатысты қылмыстық iс қозғалған не Қазақстан Республикасының  заңдарында белгiленген тәртiппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған, сондай-ақ наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын не соттың шешiмi бойынша әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылған азаматтардың қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуына жол берiлмейдi. 

Ағымдағы жылы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды марапаттау үшін облыстық бюджеттен 1,7 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірінші жартыжылдықта 1,2 млн. теңге сомаға 107 азамат марапатталды.   

         Тек, 6 айдың ішінде азаматтардың қатысуымен 8 қылмыс ашылып, 72 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

         Азаматтардың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуы олардың белсенді азаматтық ұстаным танытып, жоғары саналылық сезімі мен жауаптылық көрсетуі, әрі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бірден – бір әдісі болып табылатыны сөзсіз.    

Бұрынғы бастамашылықты қайта жаңғыртып, волонтерлерді, студенттерді, жас адамдарды қоғамдық тәртіпті сақтауға тарту қажет. Ерікті халық жасақшылары өз кезінде, әсіресе халық көп келетін жерлерде, тыныш аудандарда және студенттік қалашықтарда құқық бұзушылықтың алдын алуда әжептәуір жәрдемші болатын.             

         Екібастұздықтар кез – келген уақытта қала көшелерінде өздерін қауіпсіз сезінулері тиіс.   

 

        

 

Екібастұз қаласы әкімі аппаратының

 мемлекеттік – құқық бөлімі