Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Мемлекеттің мәртебесін көтерді

Біздің қаламыздағы ірі кәсіпорындардың арасында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп қана қоймай, тілдің сөйлеу мәдениеті мен дүниетанымын қалыптастыруды басты назарға алып жүрген мамандардың бірі – «Богатырь Көмір» ЖШС-ндегі Мемлекеттік тілді дамыту тобының жетекшісі Манар Ерботина.

         Манар Амантайқызы Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында жеке жоспар құрып, мемлекеттік тілдің даму аясын кеңейтуде айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді.

         20 мамыр күні Манар Ерботинаның ұйымдастыруымен «Богатырь Көмір» ЖШС-і қызметкерлерінің  қазақ тілін оқыту курсын ойдағыдай аяқтағанына орай салтанатты шара өтті.

         Шара басталмас бұрын ортаға жүргізушілер – Манар Ерботина мен Николай Помешалкин шығып, курсты ойдағыдай тәмамдағандарды жетістіктерімен құттықтады. Айта кетерлігі, Ерботинаның мұрындық болуымен шараны Николай қазақ тілінде, Манар орыс тілінде жүргізді.

         «Ана тілім – жүрегісің анамның,

         Жүрек – ана, мен өзіңнен жаралдым.

         Сағат сайын саулығыңды тілеймін,

         Сенсіз маған керегі жоқ ғаламның»,

- деген Николайдың дауысы  қазақ мәнерімен әр жүрекке жылы тиді.

Қазақ тілін өз деңгейінде оқығандарға «Богатырь Көмір» ЖШС-нің атқарушы директоры Қайрат Рғайбек ізгі тілегін арнап, 25 адамға сертификат табыстады. Олардың қатарында О.Абакумова, Д.Козак, Т.Комиссарова, Н.Цой, Д.Смородин, Т.Петренко, О.Кусенбаева, Ю.Дереберя және т.б. бар.

Әріптестерінің қуанышына ортақтасқан Ирина Нефедова қазақ тілі

туралы өлеңді оқыды. Сондай-ақ, «Серпантин» би-спортының бишілері Рафхат Быжиков пен Аделина Заблоцкая өнер көрсетті. «Джуманджи» би театрының орындаушысы Дамиля Тлеуқабылованың орындауындағы үнді биін де көпшілік қызыға тамашалады.

         Келесі кезекте кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайролла Тұратаев бағдарламаны меңгерген келесі топты шын жүрегімен құттықтап, сертификат тапсырды.

         Марапатқа ие болғандарға әріптестері: оқыту-курстық комбинатының қызметкерлері музыкалық сәлем ретінде «Туған  жер» әнін жолдады.

         Руслан Мусин жетекшілік ететін «Богатырь Көмір» жүк тасымалдау-көлік басқармасы эстрадалық тобының «Северное сияние» әні көркемөнерпаздар ұжымының қалыптасқанын көрсетті.

         Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруы тиіс. Ол үшін  тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя білсе, қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгеретіні анық.

Дария Ерғазина