Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қазақстандықтар жария ету мақсаттары үшін шоттарды белсенді түрде ашуда

ҚР Ұлттық Банкінің деректерінше 2016 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар ақшаны жария ету науқаны шеңберінде 650,7 млрд теңге сомасына 976 шот ашқан. Бұл өткен аймен салыстырғанда 45%-ға көп.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьевтің айтуынша, қазақстандықтардың жария ету науқаны шеңберіндегі белсенділігі ақшаны жария ету рәсімдерінің жеңілдетілуімен, жария етудің бұрын-соңды болмаған икемді талаптарымен, сондай-ақ халықтың осы науқан туралы кеңінен хабардар болуымен байланысты.

        «Қазақстандықтарға жинақтау шотының орнына қарапайым ағымдағы шоттың көмегімен жария ету мүмкіндігі берілді. Сонымен бірге олар үшін жария етілетін ақшаға еркін иелік ету мүмкіндігі көзделген, себебі ақшаны банкте сақтау, инвестициялаудың ықтимал бағыттары бойынша және алымдарды төлеу бойынша тиісті талаптар алып тасталды», - деп түсіндірді А.Терентьев. Оның айтуынша, азаматтар осы науқан шеңберінде шет елде орналастырылған немесе қолындағы ақшасын қазақстандық банктерде орналастыру қажеттілігінсіз-ақ жария ете алады.

«Сонымен қатар, жария ету субъектілері үшін салықтық рақымшылық енгізілді, – деп қосты қаржылық реттеушінің өкілі. – Бұл науқанға қатысушы қазақстандықтардың декларацияда немесе өтініште көрсетілген жария етілген ақша сомасынан, мүлік құнынан, сондай-ақ жария етуге дейін мүлікті пайдаланудан алынған кірістің мөлшерінен 10%-дық жеке табыс салығын төлеуден босатылғанын білдіреді».

      А. Терентьев соңғы кезде Ұлттық Банкке жария ету мәселелері бойынша қазақстандықтардан көп өтініш түсіп отырғанын атап өтті. Өтініштерде көбінесе ақшаны жария етуге арналған шоттармен жұмыс істеу тәртібіне, бұрын төленген алымды қайтаруға және т.с. қатысты мәселелер көтеріледі. Біз олардың кейбіреуін жариялаймыз.

 

Қазақстандық жария ету субъектілеріне қандай кепілдік беріледі?

Акцияны пайдаланатын азаматтарға мемлекеттік органдардың тарапынан кез келген қудаланудан осындай органдардың қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тарту қаупімен қорғауға кепілдік беріледі. Сондай-ақ, оларға жеке ақпараттың да, жария етілген мүлкі туралы ақпараттың құқық қорғау органдарынан қорғалуына да; жария етілген мүлікті тәркіленбеуіне және жария ету фактісін қылмыстық істер бойынша дәлел ретінде пайдаланбауына кепілдік беріледі.

 

Ағымдағы  шотқа  өзге  мақсатқа  арналған  қаражатты  енгізуге  бола ма?

Ағымдағы шотты ақшаны жария етуге байланысты емес операцияларды жүргізу  үшін пайдалану  жария  етілетін ақша  бойынша мәліметтерді тек Бас прокурордың не оның орынбасарларының санкциясымен ғана  беру  бойынша  кепілдіктерді  сақтамауға  әкелуі  мүмкін. 

Оған қоса,  жеке  ағымдағы  шот банкке  жария  етілетін  ақшаны дұрыс  есепке алуға  мүмкіндік береді. Сондықтан банктерге ақшаны  жария ету үшін  жеке  ағымдағы  шоттар  ашу  және  пайдалану ұсынылып  отыр.

 

Жария ету субъектісі ағымдағы шотта орналастырылған ақшаға қандай уақыттан бастап иелік ете алады?

Жария ету субъектісінің жария ету мақсатында ағымдағы шотқа салынған (аударылған) ақшаға иелік етуіне шектеулер Рақымшылық жасау туралы заңда көзделмеген.

Осылайша, азаматтар ҚР Азаматтық кодексінің 749-бабына сәйкес олардың және банктің арасындағы банктік шот шартында өзгеше  көзделмеген болса, жария етілген ақшаға еркін түрде иелік етуге құқылы. 

Ақша мемлекеттік кірістер органы арнайы декларация қабылдағаннан кейін ғана жария етілген деп саналатындығын атап өткен жөн.

 

Банктер ақшаны жария ету немесе ағымдағы шоттан ақшаны алу (аудару) үшін ағымдағы шот ашу және оны жабу үшін комиссиялар белгілей ме?

Рақымшылық жасау туралы заңның 8-бабына сәйкес ақшаны жария ету рәсіміне байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық шығыстарды жария ету субъектілері дербес көтереді.   

Ағымдағы шотты ашу, жүргізу және жабу, шоттан ақша алу және ол бойынша басқа қызметтер үшін комиссиялар белгілеу мәселелері банк шоты шартымен реттелуге тиіс.

 

Бұрын ашылған жинақ шотындағы және жария ету үшін алым төленбеген ақшаны жария ету тәртібі қандай

Рақымшылық жасау туралы заңнан жинақ шоттарындағы жария етілетін ақшаны сақтау мерзімі, сондай-ақ жария етілетін ақшаның жинақ шоттарынан мерзімінен бұрын алынғаны үшін алым төлеу жөніндегі талаптар алып тасталды.   

Жария етілетін ақшаның мерзімінен бұрын алынғаны үшін алым төленбеген жинақ шоттарындағы ақшаны жария ету субъектілері банктік салым шарттарының талаптарын ескере отырып, өзінің қалауы бойынша пайдалана алады.

Қаржы министрлігінің ресми түсіндірулеріне сәйкес жария ету мақсатында жинақ шотына бұрын енгізілген ақша жария етілген деп саналады. Банк берген анықтама мұндай ақшаның жария етілгенін растау болып табылады.