Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұзда голландия раушан гүлдерін өсіретін жылыжай іске қосылды

16 ақпанда Қала басшысы Александр Вербняк және жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына келген Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың кездесуі өтті. 

         Өңір басшысы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС маңында орналасқан «Green Нouse KZ» ЖШС жылыжай кешенінің салтанатты ашылуына қатысты. Облыс әкіміне голландия технологиясымен өсірілген раушан гүлін алғашқы болып кесу құқығы бұйырды. Энергия шығынын азайтуға мүмкіндік беретін инновациялық әдістің арқасында жобалық қуаты шамамен жылына 10 млн. дана гүл өсіруді құрайды. Жылыжай алаңы – бес га. Өндірілетін өнім Қазақстан және Ресей нарығында сатылатын болады. Жылыжай шаруашылығында 70 жаңа жұмыс орны құрылды. Жобаға 3 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. ЖШС алдағы уақытта жылыжай кешенін 30 га кеңейтуді және «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылым салуды жоспарлап отыр.

            Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні  қарсаңында жеке ғимаратқа көшкен «Екібастұз қаласы әкімдігі мәдениет бөлімінің Достық үйі» МКҚК-да болды. Жалпы алаңы 1600 шаршы метрден асатын мекемеге күрделі жөндеу жүргізілген. Акт залы, әдемі әрі кең кабинеттері бар. Бір шаңырақ астында 12 этномәдени орталық жұмыс істейді. Олар: мұсылман әйелдер лигасы, славяндық «Братство», украиндық «Світанок», «Полония» поляк, «Возрождение» неміс,  «Азербайджан» әзірбайжан, «Бэяхад» еврей, «Вайнах шешен-ингуш», кәрейлік «Чосон», татар-башқұрттық «Шатлық», белорустық "Белорусь", өзбектік «Узбекистон».

         Бұдан кейін облыс әкімі жобалық құны 9 млрд. теңге болатын  теміржол біліктері мен жұп доңғалақтарды шығаратын «R.W.S. Wheelset» ЖШС–ның зауытында болды. Жобалық қуаттылығы  - жылына 32 мың теміржол  біліктері, 10 мың жұп доңғалақ. Кәсіпорында құрылыс кезінде 300 адам жұмыс істейді, пайдалану кезінде 200 жұмыс орны құрылатын болады.