Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұз қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия туралы ереже

Екібастұз қаласы әкімдігінің

2014 жылғы «3 » караша

№1280/11 қаулысымен

бекітілді

Екібастұз қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері

және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия туралы

ереже

 

1. Жалпы ережелер

 

        1. Екібастұз қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Комиссия) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың қараусыз және  панасыз қалуының алдын алу, олардың құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғау саласындағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің  қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. 

2. Комиссияның дербес құрамы Екібастұз қалалық мәслихатпен бекітіледі.

         3. Комиссияның құрамында төраға, төрағаның орынбасары, Комиссия мүшелері және жауапты хатшы болады. Төраға мен жауапты хатшы қала әкімінің аппаратындағы штаттық лауазымдарды атқарады.

         4. Комиссияның құрамына тиісті мәслихаттардың депутаттары, ішкі істер, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, әділет органдарының, жұмыспен қамту, қамқоршылық пен қорғаншылық мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алуға мүдделі қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкілдері кіреді.

         5. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасы Конституциясының, "Бала құқықтары туралы", "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының, осы Ереженің және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық кесімдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде жүзеге асырады.

         6. Комиссия өз қызметінде жергілікті атқарушы орган алдында жауапты, сондай-ақ жоғары тұрған Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бақылауында болады және оған есеп береді. Комиссияларды құру тәртібі және олардың қызметін ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

 

2. Комиссияның негiзгi функциялары

 

       7. Комиссия өз құзыреті шегінде:

      1) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, кәмелетке толмағандардың қараусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтары мен қоғамға қарсы әрекеттер жасауына ықпал ететін себептер мен шарттарды анықтау және жою жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

       2) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың қараусыз және панасыз қалудың және қоғамға қарсы әрекеттерінің алдын алу жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге, оларды әлеуметтік оңалтуға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелер әзірлейді;

       3) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, ұстау жағдайларын бақылауды қамтамасыз етуге қатысады;

       4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қараусыз және панасыз қалуының жай-күйін зерделейді және осы салада социологиялық зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады;

       5) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар желісінің дамуына жәрдем көрсетеді және олардың қызметінің мониторингін қамтамасыз етеді;

       6) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алумен айналысатын органдар мен ұйымдар жұмысының оң тәжірибесін жинақтайды және таратады, оларға әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;

       7) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу, олардың құқықтарын қорғау жөнінде жүргізілетін жұмыстар туралы мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдайды және олардың арасында жетекшілік ететін мәселелер бойынша өзара ақпарат алмасуды ұйымдастырады;

       8) кәмелетке толмағандарды арнайы білім беру ұйымдарына және ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымдарына жіберу мәселелері бойынша сотқа материалдар дайындауға қатысады;

       9) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылған не арнайы білім беру ұйымдары мен ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымдарынан оралған кәмелетке толмағандарды жұмысқа және тұрмыстық орналастыруда, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды әлеуметтік оңалту жөніндегі өзге де функцияларды жүзеге асыруда мүдделі органдарға жәрдем көрсетеді;

      10) бұқаралық ақпарат құралдарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу жөнінде жүргізілетін жұмыс туралы жариялауды ұйымдастырады.       

8. Қала әкімдігі жанындағы комиссияның негiзгi функциялары мыналар болып табылады:

1) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда және қорғауда оларға жәрдем көрсету; 

2) кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының, қараусыз, панасыз қалуының және қоғамға қарсы әрекеттерiнiң алдын алу жөнiндегi жұмыстың жай-күйi туралы, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуы анықталған фактiлерi туралы мүдделi ведомстволарға үнемi хабарлап отыру; 

3) өмiрi мен денсаулығына қауiп төнетiн жағдайдағы кәмелетке толмағандарды анықтау және әлеуметтiк ақтау, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, ұстау, олардың өмiрi мен денсаулығын қорғау жөнiндегi өздерiнiң мiндеттерiн орындамайтын, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қалыпты дене және рухани дамуына терiс әсер ететiн немесе олармен қатыгездiкпен қарым-қатынас жасайтын ата-аналарды немесе өзге де заңды өкiлдерiн анықтау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру; 

4) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына немесе шектелуiне байланысты кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерi мен басқа адамдардың шағымдары мен өтiнiштерiн қарау;

5) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн белгiленген тәртiппен сотқа жүгiну; 

6) мемлекет көмегiне мұқтаж және өмірде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды қолдау туралы қорғаншылық және қамқорлық органдарына ұсыныстар енгiзу; 

7) кәмелетке толмағандарды дене және психикалық күш көрсетуден, кемсiтудiң барлық нысандарынан, жыныстық және өзге де пайдаланудан, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қоғамға қарсы әрекет жасауға тартудан қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау;

8) қылмыстық жауапкершiлiк жүктелетiн жасқа толғанға дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық белгiлерi бар, қоғамға қауiптi әрекет фактiлерi бойынша материалдарды қарау; 

9) балаларды тәрбиелеумен және оқытумен, кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауының, құқық бұзушылықтарының және қараусыз қалуының алдын алумен айналысатын тиiстi мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан өзге де органдар мен ұйымдарға:

тәрбиелеу колонияларынан босатылған; 

арнайы бiлiм беру ұйымдарынан, ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымдарынан оралған; 

әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылған; 

бiлiм беру ұйымдары тарапынан көмек пен бақылауға мұқтаж басқа да кәмелетке толмағандармен жеке алдын-алу жұмысын жүргiзудiң қажеттiлiгi туралы ақпарат жiберу; 

10) спирттiк iшiмдiктердi, есiрткi құралдарын, психотроптық немесе есеңгiрететiн заттарды қолданатын кәмелетке толмағандарға қатысты материалдарды тиiстi емдеу-алдын алу және ақтау шараларын жүргiзу үшiн ата-аналары келiсiмiмен денсаулық сақтау мекемелерiне жiберу; 

11) жалпы бiлiм беретiн оқу орындарына мектеп жасындағы кәмелетке толмағандардың ұзақ қатыспағандығы туралы бiлiм беру ұйымдары әкiмшiлiгiнiң ұсынымдарын қарау; 

12) кәмелетке толмағандарға және олардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкiлдерiне Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде және осы ережеде көзделген жағдайлар мен тәртiпте ықпал ету шараларын қабылдау; 

13) арнайы білім беру ұйымының, ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымының әкімшілігімен бірлесіп, кәмелетке толмағанның көрсетілген мекемелерде болуын мерзімінен бұрын тоқтатуға байланысты мәселелер бойынша, сондай-ақ онда болу мерзімін ол қылмыс немесе қасақана әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған әрекет жасаған жағдайларда ұзартуға немесе кәмелетке толмағанның немесе оның заңды өкілдерінің өтініші бойынша оны басқа арнайы білім беру ұйымдарына, ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымдарына ауыстыруға байланысты мәселелер бойынша сотқа ұсыныс дайындау; 

14) кәмелетке толмаған сотталушыны жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату жөнiнде не оған жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның мейлiнше жеңiлiрек түрiмен ауыстыру туралы жазаны атқарушы мекеменiң немесе орган ұсынымының сот отырысында қаралуына кәмелетке толмағандардың құқықтарын ұсынушы ретінде қатысу;

15) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кәмелетке толмағандардың бiлiм беру және мәдениет ұйымдарында, уақытша оқшаулау, бейiмдеу және ақтау орталықтарында, кәмелетке толмағандарға арналған тәрбие колонияларында, арнайы бiлiм беру ұйымдарында, ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың тәрбиелеу, оқыту, ұстау, денсаулығын сақтау жағдайларын тексеру және құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мақсатында тиiстi аумақтарда орналасқан арнайы бiлiм беру ұйымдарында болу. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ ұстау, оқыту және тәрбиелеу жағдайларын бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою жөнiнде ұсыныс енгiзедi;

16) бiлiм беру ұйымдарында олардың меншiк нысанына қарамастан
 кәмелетке толмағандармен тәрбие, құқық, бiлiм беру және сауықтыру жұмыстарының жай-күйiн зерттеу.


3. Қала әкімдігі жанындағы 
 комиссиялардың қолданатын шаралары

 

9. Кәмелетке толмағандарды орналастыру жөніндегi комиссия қабылдайтын шаралар:

1) кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуге және оқытуға, қылмыс жасауының, құқық бұзушылықтарының және қараусыз қалуының алдын алуға жауапты басқа органдармен бiрлесiп, олардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн жағдайда орналасқан, өмірде қиын жағдайға душар болған, бiлiм беру ұйымдарына ұзақ уақыт қатыспаған, мемлекет көмегiне мұқтаж жасөспiрiмдердi анықтайды, олардың жеке есебiн жүргiзедi, осы кәмелетке толмағандарды орналастыру туралы шешiм қабылдайды және қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылайды; 

2) кәмелетке толмағандарды орналастыру туралы шешiмдi бiлiм беру, iшкi iстер, денсаулық сақтау органдарына, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жiбередi, олар өз кезегiнде екi апта мерзiмде қабылданған шаралар туралы комиссияға хабарлауға мiндеттi; 

3) ата-анасының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң жоқтығына, ата-анасының ата-аналық құқығынан айырылуына байланысты арнайы бiлiм беру ұйымдарынан, ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымдарынан шыққан немесе тәрбие колониясынан босатылған кәмелетке толмағанның бұрынғы тұрғылықты жерiне оралуы мүмкiн емес немесе қажет болмаған жағдайларында, сондай-ақ кәмелетке толмағанның тәртiбiне терiс әсер ететiн өзге де себептерге байланысты көрсетiлген мекемелердiң орналасқан жерi бойынша комиссия кәмелетке толмағанның мүдделерiн есепке ала отырып, бiлiм беру ұйымдарына орналастыру немесе еңбекке орналастыру жөнiнде, сондай-ақ ол үшiн тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасау жөнiнде көмек көрсетедi. Комиссия мәселенi кәмелетке толмағанның жазбаша өтiнiшi мен тиiстi мекеме әкiмшілiгiнiң дәлелдi қорытындысы берiлген күнiнен бастап он күн iшiнде қарайды. Қажет болған жағдайларда кәмелетке толмағанға қорғаншылық немесе қамқорлық белгiлеу үшiн комиссия тиiстi қорғаншылық және қамқорлық органына өтiнiш білдiредi.

10. Комиссияның кәмелетке толмағандарға қолданатын ықпал ету шаралары. 
      Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершiлiк туындайтын жасқа жеткенге дейiнгi әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары немесе қылмыс белгiлерi бар қоғамға қауiптi әрекеттерi жөнiндегi iстердi сот қараған кезде комиссия кәмелетке толмағанның жас ерекшелiгiн, өмiр сүру және тәрбие жағдайларын, психикалық даму деңгейiн, жеке адамның өзге де ерекшелiктерiн, әлеуметтiк жағдайы мен мiнез-құлқын, жасы үлкендердiң рөлi мен ықпалын, сондай-ақ әкiмшiлiктiк заңнамамен көзделген шаралардан басқа, кәмелетке толмағанды арнайы білiм беру ұйымдарына, ерекше ұстау режимі бар білім беру ұйымдарына жiберу туралы сотқа өтiнiш беру.

11. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкiлдерiне комиссия қолданатын ықпал ету шаралары. 

Кәмелетке толмағандардың балаларды тәрбиелеу және оқыту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын не олардың дене тәрбиесiнiң қалыпты және өнегелi дамуына керi әсерiн тигiзетiн ата-аналарына немесе өзге де заңды өкiлдерiне комиссия мынадай ықпал ету шараларын қолдана алады: 

кәмелетке толмаған келтiрген материалдық зиянды өндiрiп алу туралы сотқа өтiнiш беру; 

кәмелетке толмағанның өмiрiне немесе оның денсаулығына тiкелей қауiп төнген кезде кәмелетке толмағанды ата-анасынан немесе оны қамқорлыққа алған өзге де заңды өкiлдерiнен дереу алып қою туралы, сондай-ақ қорғаншыны немесе қамқоршыны өздерiнiң мiндеттерiн орындаудан шеттету туралы, баланы тәрбиелеуге беру туралы шарттың бұзылуы туралы не асырап алуды (қыз бала асырап алуды) сот тәртібімен жою туралы қорғаншылық және қамқорлық жасау органына өтiнiш беру;

ата-аналық құқығын шектеу жөнiнде немесе айыру не оларға Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де шаралар қолдану туралы сотқа өтiнiш беру. 

      

4. Комиссияның материалдарды қарау тәртiбi

 

12. Комиссия кәмелетке толмағанға, оның ата-анасына немесе өзге де заңды өкiлдерiне қатысты материалдарды: 

кәмелетке толмағанның, оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң өтiнiшi бойынша; 

өзiнiң жеке бастамасы бойынша; 

азаматтардың ақпараттары бойынша; 

бiлiм беру ұйымдарының ұсыныстары бойынша, сондай-ақ олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан өзге де органдар мен ұйымдардың өтiнiштерi;

қылмыстық жауапкершiлiк туындаған жасқа толғанға дейiн қоғамға қауiптi әрекет жасаған кәмелетке толмағанға қатысты iшкi iстер органдарының немесе прокуратураның материалдары бойынша қарайды. 

Комиссия кәмелетке толмағанға, оның ата-анасына немесе өзге де заңды өкiлдерiне қатысты материалдарды осы Ережемен және Қазақстан Республикасының құқықтық кесiмдерiмен белгiленген тәртiппен қарайды.

13. Комиссия отырыстарын дайындау. 

Комиссияның қарауына келiп түскен материалдардың уақытылы және дұрыс қаралуын қамтамасыз ету мақсатында оларды комиссияның төрағасы не оның тапсырмасы бойынша комиссия төрағасының орынбасары алдын-ала зерттейдi. 

Комиссияның қарауына келiп түскен материалдарды алдын ала зерттеу процесiнде ол:

осы материалдардың деректерiн қарау оның құзыретiне жататындығын; 

комиссия отырысына шақыртып алуға немесе шақыруға жататын адамдар шеңберiн; 

материалдарды дұрыс және уақытылы қарау үшiн маңызы бар жағдайларға қосымша тексеру жүргiзу, сондай-ақ қосымша материалдарды талап ету қажеттiлiгiн анықтайды. 

Комиссия материалдарды алдын-ала зерттеу нәтижелерi бойынша мынадай шешiмдер қабылдай алады: 

материалдарды қарауға тағайындау және кәмелетке толмағанды, оның ата-анасын немесе өзге де заңды өкiлдерiн, отырысқа қатысуы мiндеттi деп танылған басқа да адамдарды комиссия отырысының күнi мен орны туралы хабардар ету; 

келiп түскен материалдардағы мәлiметтерге тексеру жүргiзу немесе оны жүргiзудi тиiстi мамандарға тапсыру; 

комиссия отырысында қарауға жататын мәселелердiң нақтылығы бойынша кәмелетке толмағанның, оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң өтiнiшiн қарау;

кәмелетке толмағанның комиссия отырысына келуiн қамтамасыз ету жөнiнде осы Ереженiң 14-тармағында көзделген шараларды қабылдау.

Кәмелетке толмаған, оның ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi, адвокат комиссия отырысы басталғанға дейiн оның қарауына дайындалған материалдармен танысуға құқылы. Осы тармақта көрсетiлген адамдардың материалдармен танысу құқығы оларды комиссия отырысына шақыру туралы шақыру қағазында түсіндіріледі.

Комиссияның алған материалдары олардың комиссияға келiп түскен күнiнен бастап он бес күн iшiнде қаралуы тиiс.

14. Комиссия отырысына қатысушы адамдардың келуiн қамтамасыз ету.

Кәмелетке толмаған комиссия отырысына қатысудан жалтарды деуге негiз болған кезде, комиссия келуiн қамтамасыз ету үшiн жауапкершiлiктi ата-анасына немесе өзге де заңды өкiлдерiне, не ол тәрбиеленетiн бiлiм беру ұйымдары әкiмшiлiгiне жүктейдi, олар осы мәселе бойынша жазбаша мiндеттемелер бередi. 

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне хабарланғаннан кейін комиссия отырысына дәлелді себептерсіз келмеген ретте: 

қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған.

Кәмелетке толмағандар қоғамға қауіпті іс-әрекет жасағаны үшін жауаптылық туындайтын жасқа жетпеген жағдайда мәжбүрлеп жеткізілуге олардың заңды өкілдері тартылады.

15. Комиссия отырыстарын өткiзу тәртiбi. 

Комиссия отырысы қажетiне қарай, бiрақ кемiнде айына екi рет өткiзiледi және әдетте, ашық болып табылады. Кәмелетке толмаған, оның ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында комиссия қаралатын материалдардың сипатын ескере отырып, iске қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша жабық отырыс өткiзу туралы дәлелдi қаулы қабылдай алады. 

Комиссия қажет кезiнде iстерi қаралатын адамдардың оқу, жұмыс орны немесе тұрғылықты жерi бойынша көшпелi отырыс өткiзе алады.

Комиссия отырысы егер оған, комиссия мүшелерiнiң кемiнде жалпы санының жартысы қатысса заңды болып табылады. Комиссия отырысына оның төрағасы не оның тапсырмасы бойынша комиссия төрағасының орынбасары төрағалық жасайды. 

Кәмелетке толмағанға қатысты материалдарды комиссия тек кәмелетке толмағанның, оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң қатысуымен ғана қарайды.

Кәмелетке толмағанның тiлегi бойынша комиссия жұмысына қатысуға оның адвокаты жiберiледi.

Комиссия отырысын өткiзу күнi, орны мен уақыты туралы прокурорға мiндеттi түрде хабарлануы керек. 

Қылмыстық жауапкершiлiк туындайтын жасқа толғанға дейiн қоғамға қауiптi әрекет жасаған кәмелетке толмағанға қатысты материалдарды қарау кезiнде отырысқа прокурор шақырылады. 

Комиссия отырысының басында төраға қандай материалдар қаралатынын хабарлайды, отырысқа қатысушы адамдармен таныстырады. Мұнан кейiн қажеттi құжаттар жарияланады, келiп түскен материалдар, сондай-ақ негiзделген шешiм қабылдау үшiн маңызы бар жағдайлар зерттеледi, өтiнiштер қаралады, отырысқа қатысушы адамдардың сөзi тыңдалады.

Қаралатын материалдардың мәнi бойынша өтiнiштердi кәмелетке толмаған, оның ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi, адвокаты, материалдарды қарауға қатысушы мамандар, сондай-ақ комиссияға кәмелетке толмағанға қатысты ұсынымдармен өтiнiш бiлдiрген адамдар және олардың заңды өкiлдерi бередi. Берiлген өтiнiштердi қарау нәтижелерi комиссия отырысының хаттамасына енгiзiледi.

Комиссия отырысында кәмелетке толмағанға керi әсерiн тигiзетiн жағдайларды зерттеу уақытында комиссияның оны залдан шығаруға құқы бар, бұл туралы комиссия отырысының хаттамасында жазылады.

18. Комиссия қаулысы.

Кәмелетке толмағанға, оның ата-анасына немесе өзге де заңды өкiлдерiне қатысты материалдары, сондай-ақ бiлiм беру ұйымдары мен кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауының, құқық бұзушылықтарының және қараусыз қалуының алдын алу үшiн жауапты органдардың ұсынымдары олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан өзге де органдар мен ұйымдардың өтiнiштерi, азаматтардың ақпараттары бойынша комиссия қаулы қабылдайды, онда:

кәмелетке толмағанды орналастыру жөнiнде осы Ереженiң 9-тармағында көзделген шараларды белгіленген тәртiппен қабылдау туралы;

осы Ереженiң 1 және 11-тармақтарында көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы;

дайындалып жатқан не жасалған қылмыс туралы ақпаратты iшкi iстер органдарына жіберу туралы шешiм баяндалады.

Комиссия қаулысы отырысқа қатысушы комиссия мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Егер дауыстар тең бөлiнген жағдайда комиссия отырысына төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.

Комиссия қаулысында:

комиссияның атауы және жеке құрамы;

комиссия отырысының күнi мен жерi;

материалдар қаралуға қатысты адам туралы мәлiметтер;

материалдарды қарау кезiнде белгiленген жағдайлар;

шешiм қабылдауға негiз болған дәлелдер;

кәмелетке толмағанның құқық бұзушылығы үшiн жауапкершiлiк көзделетiн не құқықтарына кепiл беретiн нормативтiк құқықтық кесiм;

комиссия қабылдаған шешiм;

кәмелетке толмағанға комиссия ұсынған әлеуметтiк көмек көрсету жөнiндегi шаралар, олар тапсырылған органдар мен адамдар;

осы қаулы бойынша шағымданудың мерзiмдерi мен тәртiбiн түсiндiру туралы мәлiметтер көрсетiледi.

Комиссия қаулысына төрағалық етушi және оның жауапты хатшысы қол қояды, комиссия отырысында жарияланады және шағымдауға белгiленген мерзiм өткеннен кейiн, заңды күшiне енедi. 

Комиссия қаулысы орындау үшiн тиiстi мемлекеттiк органдарға және олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанынан тәуелсiз ұйымдарға жiберiледi. 

17. Комиссияның ұсынысы. 

Егер материалдарды қарау барысында кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына, құқық бұзушылықтарына, қоғамға қарсы әрекеттер мен қараусыз қалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайлар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылықтар анықталатын болса, комиссия мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына және олардың ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға оларды жою туралы тиiстi ұсыныстар енгiзедi. 

Осы тармақта көрсетiлген органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары комиссия ұсынысын алған күнiнен бастап бiр айдың iшiнде оны қарауға және тиiстi комиссияға кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуды жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы хабарлауға мiндеттi. 

Кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы хабарламау Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк заңнамасында белгiленген жауапкершiлiкте болады. 

18. Комиссия отырысының хаттамасы.

Комиссия отырысында комиссияның жауапты хатшысы хаттама жүргiзедi, онда: 

комиссияның атауы мен жеке құрамы; 

комиссия отырысының күнi мен жерi;

қаралатын материалдардың мазмұны;

материалдары қаралатын адамның тегi, аты және әкесiнiң аты, туған күнi мен жерi, оның тұрғылықты жерi, сондай-ақ материалдардың қаралуы үшін маңызы бар өзге де мәлiметтер; 

комиссия отырысына қатысушылардың келуi және оларға олардың құқықтары мен мiндеттерін түсіндiру туралы мәлiметтер;

комиссия отырысына қатысушы адамдардың түсiнiктемелерi; 

материалдарды қарау кезiнде зерттелген құжаттар мен заттай айғақтар; 

берiлген өтiнiштер мен оларды қарау нәтижелерi; 

комиссия отырысында қабылданған қаулы немесе ұсынысты жариялау туралы мәлiметтер; 

қабылданған қаулы немесе ұсыныс бойынша шағымдану мерзiмдерi мен тәртiбiн түсiндiру туралы мәлiметтер көрсетiлуi тиiс. 

Комиссия отырысының хаттамасына төрағалық етушi және оның жауапты хатшысы қол қояды. 

19. Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына, құқық бұзушылықтарына, қоғамға қарсы әрекеттерiне, сондай-ақ қараусыз қалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарды зерттеу мақсатында комиссия отырыстарда қаралған барлық iстердi есепке алуды және сақтауды ұйымдастырады, өзiнің аумағының шегінде осы есепке алудың деректерiн қорытындылайды. 

20. Комиссия қаулысына немесе ұсынысына шағым беру.

Қаралған материалдар бойынша комиссия қабылдаған қаулы немесе ұсыным ол кiмге қатысты қабылданса, сол адам, оның заңды өкiлдерi, адвокаты, сондай-ақ жәбiрленушi сотқа немесе жоғары тұрған комиссияға шағым бере алады.

Көрсетiлген мерзiмде шағым беру тиiстi қаулының немесе ұсынымның орындалуын тоқтатады.

Комиссияның қаулысы немесе ұсынымы бойынша сотқа шағым беру  мерзiмдерi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  белгiленедi.
      Комиссия қаулысына немесе ұсынымына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен прокурор қарсылық бiлдiре алады.

   

5. Комиссияны материалдық-техникалық қамтамасыз ету

 

21. Комиссия қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету қала әкімінің аппаратына жүктеледі.