Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ БОЙЫНША АКЦИЯ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

2015 жылғы 29 қарашада 2015 жылғы 13 қарашадағы № 400-V Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді, ол Заңмен мүлікті жария ету бойынша жүргізілетін акцияның талаптарына өзгерістер енгізілді.

Өзгерістер жария ету рәсімдерін елеулі дәрежеде оңтайландырады, сондай-ақ жария ету  субъектілері үшін қосымша кепілдіктер енгізеді.

Мәселен, мүлікті жария ету бойынша акция жүргізу мерзімдері 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Мүлікті жария ету бойынша акция жүргізу мерзімінің өтуі мүлікті жаппай декларациялауды енгізумен және 2017 жылғы қаңтардан бастап шетелдік шоттар мен мүлікті декларацияламау үшін жауапкершілікті күшейтумен қатар қолданылды. Сонымен қатар, Қазақстан Салық мәселелерінде өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияға қосылғаны белгілі, оның негізінде әлемнің әр түрлі елдерінің салық органдары өз резиденттерінің осы елдерде орналастырылған мүлкі мен кірістері туралы ақпаратпен алмасады. Осылайша, мүлікті жария ету бойынша жүргізілетін акция мемлекеттің салық органдарымен өзара қарым-қатынастарды реттеу және болашақта ықтимал наразылықтарды болдырмау үшін жақсы мүмкіндік болып табылады.

Сонымен қатар енгізілген өзгерістермен жария ету субъектілері үшін кепілдіктер кеңейтілген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің жекелеген баптары бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатудан өзге, енді жария ету барысында алынған ақпаратты қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істі қозғау үшін негіздемелер ретінде, сондай-ақ осындай істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдалану мүмкіндігі де жойылды. Сондай-ақ, салық және банк заңнамасында жария етілген мүлік туралы мәліметтер мен ақпаратты құқық қорғау органдарына ұсынуға тыйым салу енгізілген. Бас прокурордың немесе оның орынбасарларының санкциялары болған жағдайлар үшін ғана қолданылмайды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жария ету барысында алынған мәліметтерді заңсыз жариялағаны үшін жауапкершілігі көзделетін қылмыстық заңнаманың нормалары нақтыланды және күшейтілді.

Ақшаны жария ету тетігі елеулі дәрежеде оңтайландырылды. Енді ақшаны жария етудің екі негізгі тәсілі көзделеді. Олардың бірі ақшаны банктегі немесе «Қазпочта» АҚ-дағы ағымдағы шотқа аудару және тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына арнайы декларация ұсыну қажеттілігін көздейді. Бұл ретте жария ету  субъектісіне ақшаны шотта сақтау мерзімі және алымды төлеу бойынша ешқандай талаптар қойылмайды. Ағымдағы шотқа ақша аударылғаннан және декларация ұсынылғаннан кейін жария ету  субъектісі жария етілген ақшаны өз қарауы бойынша пайдалануға құқылы.

Екінші тәсіл тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына арнайы декларация ұсыну жолымен шетелдік банктердегі ақшаны жария ету мүмкіндігін береді. Бұл жағдайда, жария етілетін ақшаның сомасынан 10% мөлшерде алдын ала алым төлеу талабымен ақшаны Қазақстанның аумағындағы банктерге аудармауға болады. Осылайша жария етілген ақшаны оның иесі өз қалауы бойынша, оның ішінде қазақстандық қор биржасында орналастырылатын бағалы қағаздарға, «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында орналастырылатын қаржы құралдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзге де активтерге инвестициялау жолымен пайдалана да алады.

Жария етілетін ақшаны жинақ шоттарында сақтау мерзімдерінің күшін жоюға, сондай-ақ жария етілетін ақшаны жинақ шоттарынан мерзімінен бұрын алу үшін төленетін алымның күшін жоюға байланысты осындай алымды 2015 жылғы 29 қарашаға дейін[1] төлеген адамдардың төленген соманы қайтарып алуға құқығы бар екені туралы жеке айтып өткен жөн. Ақшаны жария ету үшін (жинақ шотынан мерзімінен бұрын алу үшін) бұрын төленген алымды қайтарып алу үшін осындай алымды төлеген адам тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына тиісті өтінішпен хабарласуы және банктен алынған алымның төленгенін растайтын құжатты қоса беруі қажет.

Мүлікті жария ету рәсімдерінде де өзгерістер болды. Әкімдіктердің жанындағы комиссияларда иелену құқығы тиісінше ресімделген Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік жария етіледі. Қазақстан Республикасының аумағындағы, сондай-ақ одан тысқары жерлердегі өзге мүлік (оның ішінде жылжымалы, сондай-ақ иелену құқығы жария ету субъектісіне немесе басқа тұлғаға ресімделген мүлік) тұрғылықты жері бойынша (Қазақстан Республикасынан тысқары орналасқан мүлікке қатысты) не мүліктің орналасқан жері бойынша (Қазақстан Республикасында орналасқан мүлікке қатысты) мемлекеттік кірістер органына арнайы декларация ұсыну жолымен жария етіледі.

Жария етілетін мүліктің құнынан 10% мөлшердегі алымның Қазақстан Республикасынан тысқары орналасқан мүлікке қатысты ғана төленетіні туралы норма сақталды. Бұл ретте шетелде орналасқан, сенімгерлік басқаруға берілген мүлікті (траст) жария ету мүмкіндігі қосымша ұсынылған.

Сонымен қатар, өзгерістер енгізілгенге дейін шетелде орналасқан жария етілген мүлікті сату кезінде 10% алым төленетін еді, бұл ретте сату құнына толық көлемде табыс салығы салынатын. Енгізілген түзетулермен шетелдегі жария етілген мүлікті сату кезінде қосарланған салық салу жойылған.

Жалпы алғанда, мүлікті жария ету бойынша жүргізіліп жатқан акция жария ету субъектілеріне бұдан бұрын заңды экономикалық айналымнан шығарылған ақша мен өзге мүлікті оған қайтаруға мүмкіндік береді, бұл алдағы уақытта кірістер мен мүлікті жаппай декларациялауға, сондай-ақ трансшекаралық операциялардың айқындылығын арттыру бойынша жалпы әлемдік үрдістерге және елдер арасында салық ақпаратымен өзара алмасуды күшейтуге көшу тұрғысында ерекше өзекті. Жүргізіліп жатқан акцияның талаптары өте тиімді болып табылады, өйткені мүлікті артық материалдық шығынсыз және уақыт шығындамастан жария етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жария ету рәсімі мемлекеттік кірістер органына декларация беру жолымен бұрын тіркелмеген мүлікті (ғимараттар, құрылыстар және т.с.с.) тіркеуге не оңтайландырылған тәртіппен тіркеу деректерін (жер телімінің мақсаты және т.с.с.) өзгертуге мүмкіндік береді. Жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсаттары үшін кіріс болып танылмайды және тиісінше табыс салығы салынбайды. Сайып келгенде, жария ету барысында алынған ақпарат конфиденциалды болып табылады және жария ету субъектісінің өзіне қарсы пайдаланылмайды.

 

Сонымен қатар Ұлттық Банктің интернет-ресурсында ресурсында - www.nationalbank.kz «Мүлікті жария ету» бөлімінде мүлікті жария ету тәсілдері туралы халық жиі қоятын сұрақтардың жауаптарымен де танысуға болады. 



[1] 2015 жылғы 13 қарашадағы № 400-V Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілу күні