Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жәнібек Мәліков 55 жасқа толды

15 қантарда қала басшысының атынан қала әкімінің орынбасары Мариям Адасбаева Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жәнібек Мәліковті 55 жылдық мерейтойымен құттықтап, Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасын табыс етті.

Жәнібек Қадысұлы 1961 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданы Теңдік ауылында дүниеге келген. 1977 жылы мектепті тәмамдап, елде жұмысқа араласты. 1979-1981 жылдары Отан алдындағы борышын атқарып, әскер қатарында болды. Ол I және II Бүкілодақтық халық творчествосының және 1988-1989 жылдары Алматыда өткен әнші, жыршы, термешілер, байқауының лауреаты. 1990 жылы Иса Байзақовтың 90 жылдық мерейтойына орай  Қазақстан халық әртісі Қайрат Байбосыновтың қатысуымен Павлодар облысында  аудан қалаларында  өткен концертте өнерін көрсетті. 1991 жылы Орал қаласында Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық тойында жеңімпаз атанып, арнайы сыйлықпен марапатталды. 1992 жылы Моңғолияда жеке концерті өтті. Сол жылы «Арқа әуендері» отбасылық ансамблін құрып, облыстық және қалалық байқауларда  жеңімпаз атанды. 1994 жылы «Өнерім – өмір серігім» атты шығармашылық кеші өтті. 2001 жылы Павлодар облысы әкімінің  «Өнер» грантына ие болды. 2009 жылы  Астана Конгресс-холл сарайында, Маңғыстау, Атырау, Шымкент қалаларында  және 2013 жылы  Павлодар облысы әкімінің қолдауымен облыс, аудан, ауылдарда концерті өтті.

Мәдени-қоғамдық қызметі үшін Ж. Мәліков облыстық «Озат мәдениет қызметкері» дипломымен марапатталып, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанды. 2009 жылы өнердегі елеулі еңбектері жоғары бағаланып, халықтың  қалауымен Жәнібек сал атағына ие болды.

Үш бала, төрт немере сүйіп отырған отағасы.