Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Сарықамыс ауылдық округінің әкімі М.Сейсенбаевтың тұрғындар алдындағы есебінің тезисі

Әкімшілік-аумақтық бірлік: Сарықамыс ауылдық округінің құрамына Сарықамыс және Қуандық  ауылдары кіреді. Округтің жалпы жер көлемі 45,10 шаршы шақырым.  Барлық 91 аулада (Сарықамыста 72 аула, 317 адам, Қуандықта 19 аула, 88 адам)  тұрғындар саны 405 адам, оның ішінде еңбекке жарамдылар 208, тұрақты жұмыс істейтіндер 120, жеке отбасылық мал шаруашылығында өзін-өзі жұмыспен қамтитындар 83, зейнеткерлер 40, барлық топтағы мүгедектер 16, мектеп жасына дейінгі балалар 42, оқушылар 67 адамды құрайды.

        Ауыл  шаруашылығы: Сарықамыс ауылдық округі  2016 жылғы 1 қаңтарға  1663 ірі қара мал, оның ішінде 772 сауын сиырлар, 1229 бас қой мен ешкі, 180 жылқы, 342 үй құстарымен қыстаққа кіріп отыр.  Ауылдық округте  4 шаруа қожалық, 2 фермерлік шаруашылық, 8 жеке кәсіпкер бар. Пішен дайындау науқанына 7 трактор, 11 шалғы қатысып, қыстаққа 4960 тонна  (1600тн  даладан, 3360тн өлкеден) шөп дайындалып, әр аулаға тасымалданды. Қала базарларына 145 бас ірі қара, 75 бас ұсақ мал еті сатылды, барлығы  216 центнер ет, 1200 центнер сүт өнімдері өндірілді. Ауылда 2 шағын азық-түлік дүкені  халыққа қызмет көрсетеді.

     Білім беру және әлеуметтік салалар:  Сарықамыс ЖОББ     мектепте 67 оқушы білім алады, 21 мұғалім жұмыс істейді. Мектепке 2 жас маман келді.  Қуандық аулынан 10 оқушы автобуспен тұрақты  тасымалданып оқиды. Мектепте білім берумен қатар әртүрлі тақырыптардағы мәдени, тәрбиелік, спорттық шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Қалалық, облыстық спорт сайыстарында 2 оқушы бокстан екі мәрте алтын және күміс медальдар жеңіп алды.  2015 жылғы ҰБТ орташа нәтижесі 72,2 ұпай көрсетті. Бір түлек ЖОО-на арнайы грантқа ие болды, 2 түлек колледжге бюджеттік топқа оқуға түсті.

     Мектепте Президент кабинеті 750 мың теңгеге жаңа компьютермен жабдықталды. Мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстары толық жүргізілді. Жылу қазандығының насостары мен су жинау ыдыстары жаңаланып ауыстырылды.

     Мектеп асханасы ата-аналардың демеушілігімен бастауыш сынып оқушыларын тұрақты ыстық тамақпен қамтиды.

        Орта мектеп жанындағы шағын орталықта   17 бүлдіршін тәрбиеленіп, онда 3 тәрбиеші жұмыс істейді.

      Ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар жоқ.  Жұмыссыз ретінде           5 адам тіркеуде тұр, олардан 1 азамат «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасты, 2 азамат қоғамдық ақылы жұмысқа тартылды. Жыл бойында шаруа қожалықтарында тұрақты 10 жұмыс орны, мал бағуға 3, шөп дайындау науқанына 6 уақытша жұмыс орындары ашылды.

    Ауыл орталығына Жеңіс саябағы жазғы сахнамен бірге орнатылып, ҰОС-на қатысқан ардагерлерге арнап мемориалдық тақта әзірленді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай саябақ салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Саябаққа жаңадан 30 түп ағаштар, гүлдер отырғызылып, тұрақты күтімге алынды.

   Ауылдық клубта «Ұлы Жеңіске 70 жыл», «Қазақ хандығына 550 жыл», Қазақстан Конституциясы мен Қазақстан Халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы, қарттар күні, Ауылшаруашылық еңбеккерлері мерекесі, Еліміз тәуелсіздігінің 24 жылдығына арналған әртүрлі  тақырыптарда 56 мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, оған барлығы 2160 қатысушы мен көрермен қамтылды.

  Ауылдық фельдшерлік пункт халыққа қызмет көрсетеді. Почта бөлімшесі ауыл тұрғындарына  мерзімдік баспалар мен зейнетақы, жәрдемақыларды   тарату, салық төлемдерін қабылдау қызметтерін көрсетеді. Бөлімше меңгерушісіне  велосипед берілді.

          Ауылдық кітапханада мерзімдік 16 газет, 22 журнал,  6345 кітап қоры бар, оның 3506 қазақ, 2838 орыс тілдерінде. Тұрақты оқырмандар саны 271, жыл бойында 2841 адамға қызмет көрсетілді. Кітапханаға жаңадан жас маман келді.

        Таза су босататын  КБМ қондырғысы тұрақты жұмыс істеп тұр. Жаңа насос, су тазартқыш реактивтермен қамтамасыз етілді. КБМ жанынан қосымша құдық қазылып абаттандырылды.  Қуандық аулына аптасына бір рет цистернамен таза ауыз су жеткізіледі.

Телефон байланысы, «Отау ТВ» телерадио, электр энергиясымен жабдықтау жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр.

          Әлеуметтік нысандар қысқы жылыту маусымына толық дайындалып, көмір отынмен қамтамасыз етілді.

 Шағын бизнестің дамуы: Ауыл шаруашылығында жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын бизнесті дамыту бағдарламаларына сәйкес   «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар Ахалхан Игілік және Мугарап Байдаулет  жалпы сомасы  4,5 млн.теңгеге шағын несие алып, ірі қара малдар сатып алды. Кожанов Калибек жаңадан «Аиша» ШҚ ашып, мал басын көбейтуге 400 га жайылымдық жер алып, жұмыс орындарын субсидиялау бағдарламасымен 4 азаматқа жаңа жұмыс орындарын ашты. Саим Талғат жеке шаруашылық ашуға 800га жер алып, құжаттарын заңдастыру жолында жұмыс істеп жатыр.

  2016 жылы  жаңа жұмыс орнын субсидиялау,  жеңілдетілген пайызбен 3 жылға миникредиттер, 5 жылға микрокредиттер беруге арналған жаңа бағдарламалармен несие алып, жеке шаруашылығын ашу, қолда бар шаруашылығын онан ары дамытуға  3 азамат алдын-ала сұраныс жасап отыр. Оларға ауыл әкімшілігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.

Тұрақты қоғамдық-саяси жағдай: Мемлекеттік атқарушы органдар қоғамдық ұйымдармен бірге  округтің  моральдық-психологиялық жағдайы мен азаматтардың  әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік, ұлттық мейрамдар, қоғамдық – саяси,  бұқаралық-спорттық шаралар тұрақты өткізілді.

 Алға қойылған мақсат-міндеттер: Жергілікті әкімшілік Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  «Нұрлы  жол - болашаққа  бастар жол» жолдауын және ««Қазақстан -2050» стратегиясын жүзеге асыруға арналған  100 нақты қадам» ұлт жоспарын  басшылыққа ала отырып:

 -  ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету;

-   мемлекеттік қызмет көрсету сапасын  жақсарту;

- сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстарды болдырмау және олардың алдын алу;

 - ауылда шағын, орта бизнесті  дамытуды барынша қолдау;

- «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен зиратқа баратын жолды жөндеп, өзекке көпір салу;

- ауылды абаттандыру, Жеңіс саябағын көгалдандыруды жалғастыру;

-  ауылшаруашылығын онан әрі өркендету, мал басын өсіру;

-  ауылдағы санитарлық  тазалық пен тәртіпті қадағалау; 

-  ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты  қамтамасыз ету шараларын күнделікті жүзеге асыратын болады.