Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Ақкөл ауылдық округі әкімінің 2015 жылы елді мекендерді дамыту бойынша атқарылған жұмыстар туралы тезисі

Әкімшілік – аумақтық бірлік: Ақкөл ауылдық округі Екібастұз қаласының солтүстік шығысында орналасқан. Аула саны - 219.  Жалпы тұрғындар саны - 1081,  жұмысқа қабілетті адамдар - 672,   зейнеткерлер  112,  мүмкіншілігі шектелген жандар -  32, 19  сәби дүниеге келсе, 7 адам қайтыс болды  және  13 отбасы  шаңырақ  көтерді. Жұмыссыздар есебінде тіркелген 1 жұмыссыз тұрақты жұмыспен қамтылды. Округ көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алатын тұлғалар жоқ. Халықты жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздар саны - 5.  Ақылы қоғамдық жұмыспен 5 адам қамтамасыз етілді.                      

Ауылшаруашылығы: Ауылдық округ бойынша  32 шаруа қожалығы  бар.    Шаруа қожалықтарының үлесіндегі жалпы жер көлемі - 23636 гектар.

Ірі қара мал  - 6061, сиыр - 2960,  қой мен ешкі - 4081, жылқы - 4081,  құс - 918.

Қыстық пішен дайындау жұмыстарына   42 трактор, 64 шалғы, 120 адам қатысып, жоспар бойынша   12500 тонна пішен толық  дайындалды.

Ауылдық округінен 9 шаруа қожалығы мал басын асылдандыруға  Үкіметтен субсидия алуға қол жеткізді, атап айтсақ  «Тұрар», «Әшім», «Әл-Кәусар», «Бесағайын», «Табыс», «Шерхан»,«Шідерті», «Айдар» және «Қайрат -Ш» шаруа қожалықтары.

Білім, мәдениет, денсаулық және әлеуметтік салалар: «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, Ақкөл жалпы орта білім беретін мектебі биыл 1 жас маманмен толығып,   баспанамен қамтамасыз етілді.

Мектептің жанындағы жылы орын, жайлы төсекпен жабдықталған бюджеттік интернатта  шалғай елді мекеннің  6  баласы жатып білім алуда. Балалар төрт мезгіл ыстық тамақпен қамтылып, 770 мың тенге қаражат сомасына тегін тасымалданады. 

Ақкөл және Шідерті мектептерінде 40 бүлдіршінге арналған   шағын орталық  толық  күнге  жұмыс істеп тұр.  Ақкөл жалпы орта білім беретін мектебіндегі шағын орталыққа жылы еден салынып, алдына балалар ойын алаңы орнатылды. Сондай –ақ, осы мектептің  жылу беру жүйесінің 1 жылу қазандығы жаңаға ауыстырылды. Зеленая роща мектебі 5+1 компьютер жиынтығымен  жабдықталды.

 Ақкөл ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы мен Зеленая роща ауылындағы медициналық пункт халыққа үздіксіз  қызмет көрсетіп тұр.

            Ақкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 2 төсектік күндізгі стационар жұмыс істейді. Жедел жәрдем автомашинасымен қамтамасыз етілген. Заман талабының медициналық құралдарымен, компьютерлермен жабдықталған және 1 дәріхана жұмыс істеп тұр. Дәрі-дәрмекті Зеленая роща және Жақсыат ауылдарына апарып сату жолға қойылған. Осы жылы алдын-ала және жылжымалы флюрографиялық тексеруден  175  адам   өтті.

Ауылдық округте республикалық «Денсаулық жолы» акциясына байланысты маман дәрігерлерімен бір рет жылжымалы медициналық автокөлік  келіп,  350  адамды  медициналық  тексеруден  өткізді.

Ақкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясы электрлі жылытқышпен жылытылады.

Ауылдық округтің орта білім беру (683 тонна көмірмен) нысандары,  клубтары (145 тонна көмірмен), Зеленая роща  ауылының медициналық пункті қыстық отынмен толық қамтамасыз етілді.

Зеленая роща ауыл клубының алды шарбақпен қоршалды.

Аталған ауылда жеке кәсіпкер Н.Абдрахманованың «Зайда» шағын наубайханасы  жұмыс істеп тұр.

Тұрғындарға қажетті анықтамаларын Екібастұз қаласына шықпай ауылдан алуға жағдай жасалып,  ауылдық округі әкімі аппаратының кеңсесінде қол жеткізу пункті орнатылды.

Округте сымсыз және ұялы телефон байланысы 100 % қамтамасыз етілген.

          «Отау» ТВ  сандық спутниктік телеарнасына 98 пайыз қосылған.   

            Ауылдық округ жастары ұлттық ат спорты «Көкпар», «Қыз қуу» және «Теңге алу» ұлттық ойындарын жиі ұйымдастырып  жүр. Көкпаршыларымыз «Көкпар» ұлттық ойынынан облыстық құрама командасының мүшелерінің құрамына кірді. Осы жылы  ауылымызда  «Көкпар» ұлттық ат-спорты ойынынан  облыстық чемпионат өтіп, ауылымыздың көкпаршылары жеңімпаз атанды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша:   

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша «Шерхан» шаруа қожалығының басшысы Қ.Айтымаев 5 млн тенге несие алып,   шаруашылығын  ұлғайтты.  «Айдар» шаруа қожалығының  басшысы Е.Қабылтаев 11,6 млн теңгеден аса несие алып шаруашылығындағы малдарын асылдандыруды  жүзеге асырды.

Елді мекендерді көріктендіру: «Ауылдық округте елді мекендерді көріктендіру жұмыстары жоспарлы түрде іске асырылуда. Ауыл көшелерінің санитарлық тазалығын сақтау мақсатында округ бойынша 9600 тонна көң-қоқыс арнайы орынға шығарылды.

            Көше жарығына бюджет есебінен бөлінген 672 мың теңге,   ауылдық округ бойынша 25 шақырым жолды ұстауға  бюджеттен қаралған   900 мың  теңге  қаражат   мақсатты игерілді.

            Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін, КБМ-дерді ұстауға және сүзгілерін айырбастауға  бюджет есебінен қаралған 4,9 млн  теңге қаражат мақсатты игеріліп, мембранды технология сүзгісі мен жоғары қысымды және тереңнен соратын сорғыштары ауыстырылды. Бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік сатып алуда ұтқан «ИП Чернява», «Импортер» ЖШС-ы, және «Ясмин» ЖШС-ы  Зеленая роща ауылында   балалар ойын алаңын орнатып,  ауыл ішіне көрік берді.

            «Жайылма жазирасы» саябағын ұстауға және көріктендіруіне 235 мың теңге   қаражат мақсатты игерілді.

            Бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік сатып алуда ұтқан «Ман-Қожа»  ЖШС-ы  Ақкөл ауылында жасанды футбол алаңын орнатты.

            Бюджет қаражаты есебінен «Жайылма жазирасы» саябағының кірер алдына  90 шаршы метр жерге  құйма тас төселді.

Ауыл азаматтарының демеушілігімен, көшеге сән беретін 7 билборд орнатылды  және балалар ойын алаңы шарбақпен қоршалып, кірер жолына құйма тас төселді.

Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлес боздақтарға арналған ауылдастарымыздың көмегімен «Жайылма жазирасы» саябағына «Мәңгілік алау» обелискісі көшіріліп, теңестірілгендерге  арналған  тақталар және Зеленая роща ауылында «Мәңгілік алау» обелискісі орнатылды. Соңғы аталған шараға «Табыс» шаруа қожалығының басшысы М.Алғамбаров қомақты үлесін қосты.

            Ақкөл ауылының 80 жылдығына орай Д.Оспанов Ақкөл ауылына  кіре  берісіне  қақпа орнатты.

            Жеке кәсіпкер О.Алиевтің және ауыл азаматтарының демеушілігімен имандылық орталығы, мешіт үйі ашылды. Сондай-ақ, Зеленая роща ауылында 2 жеке меншік үй бой көтерілуде, бұл тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсы екендігін  және ауылдағы тұрмыс-тіршілікке қызығушылығының  артқанын аңғартады.

 «Өңірлерді   дамыту»  бағдарламасы бойынша  1,2 млн теңгеге жуық сомаға Ақкөл ауылының көше жолдары тегістеліп,  құм төселді және Зеленая роща мен Жақсат ауылында  қосымша  түнгі көше жарық шамдары орнатылды. 

2016 жылы Ақкөл ауылдық округінде  атқарылатын жұмыстар:

 

  1. Ауыл көше жолдарын жөндеп, тегістеу.
  2. Қосымша түнгі көше шамдарын орнату.
  3. Кеңес көшесін 100 метр шарбақтау.
  4. КБМ-ның  алдына  құйма тас төсеу.
  5. 200 түп жас желек отырғызу.
  6. «Жайылма жазирасы»  саябағына  400 түп гүл отырғызу.