Қабылдау:8 (7187) 344020 | Mail: kense.ae@pavlodar.gov.kz



Екібастұз қаласында мүлікті жария ету бойынша мемлекеттік акция жалғасуда

Құрметті Екібастұз қаласының тұрғындары!

 

Екібастұз қаласы әкімінің аппараты Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы»  2014 жылғы 30 маусымдағы № 213-V Заңының жұмыс істеп жатқанын еске салады.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 13 қарашадағы № 400-V Заңымен енгізілген өзгерістерге байланысты мүлікті жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.     

         Осылайша, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген, Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлікті жария ету үшін құжаттарды беру мерзімі 2016 жылғы 30 қарашада аяқталады.

      Өзге де мүлікті жария ету үшін құжаттарды беру мерзімі жария ету мерзімі өткенге дейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірілмей аяқталады.

Жария етуге  жататын мүлік: ақша; бағалы қағаздар; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, басқа адамға ресімделген жылжымайтын мүлік (ғарыш объектілерінен және магистральдық құбырлардың желілік бөлігінен басқа); құрылыс нормалары мен қағидаларына, сондай-ақ өздері орналасқан, жария ету субъектісіне меншік құқығында тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес келетін, Қазақстан Республикасының аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар); Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлік жатады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде орналасқан, жария ету субъектісімен өзіне тиесілі материалдық және қаржылық құралдарын ұстау немесе уақытша сақтау бойынша шарттық қатынастары, келісімдері және міндеттемелері бар басқа да ұйымдарға мүлікті (трасты) сенімгерлік басқаруға берілген мүлік те жария етілуге жатады.

Жария етуге 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейiн өздеріне тиесілі болған және өздері алған мүлiктi жария ететiн және жария еткен субъектілер қатыса алады. Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар мүлікті жария ету субъектісі болып табылады.

Құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлікті жария ету комиссияға жария ету субъектілерінің мынадай құжаттарды:
1) белгіленген нысан бойынша екі данада мүлікті жария етуді жүргізуге арналған өтінішті;

2) өтініш беру кезінде жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын көрсете отырып, оның көшірмесін;

3) объектінің құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан ғимараттар мен құрылыстарды техникалық тексеруді жүзеге асыратын аттестатталған сарапшының қорытындысын;

4) жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортын беруі арқылы жүргізіледі.

Екібастұз қаласында мүлікті (ақшадан басқа) жария етуді өткізу жөнінде комиссия құжаттарды қабылдауды Мәшһүр Жүсіп көшесі 45, № 35 каб., тел. 344500 мекенжайындағы «Екібастұз қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде жүзеге асырады.  

 

 

Екібастұз қаласы әкімінің аппараты